Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросы
Тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 10%-ға азайды
13.11.2026
Тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 10%-ға азайды

2026 жылғы қазан айында тұрғын үйді алып-сату бойынша 31 864 мәміле тіркелген. 2026 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда (35 406) мәмілелер саны 10%-ға азайды. Мәмілелер саны бойынша Алматы (6 065 – 19%) және Астана (5 223 – 16,4%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 482 – 7,8%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 228 мәміле (0,7%) тіркелген.

2026 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда ең жоғарғы өсім Қызылорда (38,7%), Қостанай (13,5%) және Атырау (2,9%) облыстарында тіркелді. Ең үлкен төмендеу Батыс Қазақстан (-21,2%), Ұлытау (-18,6%) облыстарында және Алматы (-16,3%) қаласында орын алды.

Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелер саны 2026 жылғы қыркүйек айымен салыстырғанда 11,3% (3 052 мәмілеге) азайды. 2026 жылдың қазан айында пәтерлер бойынша барлығы 24 044 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 75,5%. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Алматы (23,1%), Астана (21,3%) қалаларына және Қарағанды облысына (8,6%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды – 9 423 мәміле.

2026 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда қазандағы жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 5,9% (490 мәмілеге) азайды. Қазан айында барлығы 7 820 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Ақтөбе (10,6%), Алматы (10,4%) және Қызылорда (6,1%) облыстарында тіркелді. Ең жоғарғы төмендеу Астана (-30,6%) қаласында, Ұлытау (-28,6%) және Маңғыстау (-24,4%) облыстарында байқалды.

2026 жылғы қазанда тұрғын үйді алып-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 22,8% азайды (41 259-дан 31 864 мәмілеге дейін). Мәмілелер санының ең жоғары өсімі Қызылорда (+52,6%) облысында байқалды, ең үлкен төмендеу – Астана (-41,6%) қаласында. 2026 жылдың қаңтар-қазан айларындағы мәмілелер санын 2025 жылғы қаңтар-қазан айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда 7,6%-ға төмендеу байқалды.  



Тізімге оралу