2025 жылғы шілде айында тұрғын үйді алып-сату бойынша 39 742 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша – 8 465 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша – 31 277 мәміле жасалды. 2025 жылғы маусыммен салыстырғанда (33 273) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 19,4%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша Астана (8 636 – 21,7%) және Алматы (8 432 – 21,2%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 756 – 6,9%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 247 мәміле (0,6%).
2025 жылдың маусымымен салыстырғанда шілдеде мәмілелер санының ең көп өсімі Қызылорда (+70,6%) облысында және Астана (+42,2%), Алматы (+27,2%) қалаларында тіркелді. Ал бір айдағы ең көп төмендеу Ұлытау (-12,4%), Атырау (-10,9%) және Алматы (-5%) облыстарында орын алды.
2025 жылғы маусыммен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі мәмілелер саны 23%-ға (5 848 мәмілеге) көбейген. 2025 жылдың шілде айында пәтерлер бойынша барлығы 31 277 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 78,7%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (27,2%), Алматы (24,8%) қалаларына және Қарағанды облысына (7,4%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2025 жылдың шілде айында олар бойынша 12 489 мәміле ресімделген.
2025 жылдың маусым айымен салыстырғанда шілдеде жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 7,9%-ға (621 мәмілеге) өсті. Шілдеде барлығы 8 465 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең көп өсімі Алматы (+27,7%) қаласында, Қызылорда (+26,9%) және Маңғыстау (+18,1%) облыстарында байқалды. Ал бір айдағы төмендеу тек Жамбыл (-2,8%) облысында орын алды.
2025 жылғы шілдеде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 0,9%-ға азайған, ол кезде 40 099 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Қызылорда (30%) облысында байқалды, ең үлкен төмендеу – Ұлытау облысында (-46%). 2025 жылдың қаңтар-шілде айларындағы мәмілелер санын 2024 жылғы қаңтар-шілде айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда 3,4%-ға өсім байқалады.
Бір жылда (2025 жылғы шілде 2024 жылғы шілдеге) жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 9,6%, қолданыстағы пәтер нарығында 7,3% жоғарылады. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 8,2% артты.
Өңірлер бөлінісінде жаңа тұрғын үйдің бағасы Павлодар қаласында – 25,8%, Қызылорда, Алматы қалаларында – 15,3%-дан едәуір қымбаттады. Қолданыстағы пәтерлер нарығында ең жоғары баға өсімі Ақтөбе қаласы (19%), Павлодар қаласы (15,8%), Алматы қаласында (14,4%), ал тұрғын үйді жалға алу нарығында – Ақтөбе (32,6%), Семей (23,2%), Көкшетау қалаларында (21,6%).
|
Бір айдың ішінде (2025 жылғы шілде 2025 жылғы маусымға) жаңа тұрғын үйді сату бағасы 0,2%, пәтерлерді қайта сату 0,9% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 0,8% қымбаттады. |
ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй бағасы бойынша ай сайын мониторинг жүргізеді. Баға индекстері облыс орталықтары мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша іріктелген байқау деректері негізінде қалыптастырылады. Жаңа тұрғын үйлер бойынша ақпарат сату бойынша операциялар жүргізетін құрылыс компанияларынан жиналады, бұл ретте пәтердің бастапқы және алдын ала таза әрленгендегі бағасы ескеріледі. Пәтерлерді қайта сату және жалға алу бойынша деректер интернетте, бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын хабарландырулар негізінде жиналады. Бағаларды есептеу кезінде бір, екі, үш бөлмелі пәтерлер бойынша ұсыныстар есепке алынады.