Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросы
Статистиканың цифрлық реформасы – Мақсат Тұрлыбаев мобильді деректер негізінде туристер есебін жүргізу жобасын таныстырды
02.10.2025
Статистиканың цифрлық реформасы – Мақсат Тұрлыбаев мобильді деректер негізінде туристер есебін жүргізу жобасын таныстырды
Статистиканың цифрлық реформасы – Мақсат Тұрлыбаев мобильді деректер негізінде туристер есебін жүргізу жобасын таныстырды
Статистиканың цифрлық реформасы – Мақсат Тұрлыбаев мобильді деректер негізінде туристер есебін жүргізу жобасын таныстырды
2025 жылғы Digital Bridge халықаралық форумы аясында Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев мемлекеттік статистиканы цифрлық трансформациялау бойынша негізгі бастамаларды таныстырып, туризм статистикасына мобильді деректерді енгізу жобасына ерекше назар аударды. 

Мобильді операторлардың дербестендірілмеген деректері туристік ағымдар туралы егжей-тегжейлі және жедел ақпарат алуға мүмкіндік береді.
«Қазақстан – ТМД елдері ішінде туризмнің ресми статистикасында мобильді деректерді енгізген алғашқы ел. Бұл – заманауи, цифрлық статистика органын құру жолындағы маңызды қадам», – деді форум барысында Мақсат Тұрлыбаев. 
«Мемлекеттік статистика туралы» және «Байланыс туралы» ҚР заңдарына енгізілген өзгерістер статистикалық мақсаттарда дербестендірілмеген мобильді деректерді пайдалануға құқықтық негіз қалыптастырды. Бұл өзгерістер үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкес жүзеге асырылды. Бұған дейін туризм статистикасы орналастыру орындарын, үй шаруашылықтары мен резидент еместерді зерттеу, сондай-ақ Шекара қызметі мен Экология министрлігінің деректері негізінде қалыптасатын. Алайда дәстүрлі әдістердің бірқатар шектеулері бар: толық қамтымау, респонденттерге жүктеменің жоғары болуы және жеделдіктің жетіспеуі. 

Қазақстанда Эстониялық Positium компаниясымен және Дүниежүзілік банк қолдауымен жүзеге асырылған пилоттық жоба жаңа тәсілдің үлкен әлеуетін көрсетті. Kcell мобильді операторының 2023 жылдың шілдесінен 2024 жылдың маусымына дейінгі кезеңдегі дербестендірілген 5% іріктемесі негізінде ішкі туристік ағындарға талдау жүргізілді. 

Мобильді деректер бойынша ішкі туристер саны – 107,6 млн адамға жеткен, ал ресми статистикада бұл көрсеткіш – 7,8 млн адам. Мысалы, Алакөл курорттық аймағында мобильді деректер 658,2 мың келушіні тіркеген, бұл ресми деректерден 2,4 есе артық. 
«Мобильді деректерді енгізу бізге туристердің нақты санын ғана емес, ел ішіндегі мобильділік пен туристік ағынның шынайы бейнесін көруге мүмкіндік береді. Бұл әдіс қысқа мерзімді және бейресми туристерді есепке алуға, туризм саласына маусымдық үрдістердің, мерекелердің әсерін анықтауға жол ашады. Мұндай құрал мемлекеттің туризм инфрақұрылымын жоспарлау мен басқару, экономикалық тиімділікті бағалау қабілетін жаңа деңгейге шығарады», – деп атап өтті Мақсат Тұрлыбаев. 
Аталған әдістеме БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымы (UNWTO) мен Халықаралық электр байланысы одағы (ITU) ұсынымдарына негізделген. Мобильді деректерді талдау жоғары дәлдік пен объективтілікті, нақты уақытқа жақын режимде егжей-тегжейлі талдауды, респонденттерге түсетін жүктемені азайтуды және жасанды интеллектті пайдалана отырып, туристік және көші-қон ағындарының заңдылықтарын анықтап, модельдеуді қамтамасыз етеді. 

Форумда сөз сөйлеген Эстониялық Positium компаниясының өкілі Гертту Пилсас өз компаниясының 20 жылдан астам уақыт бойы арнайы әдістемелер мен алгоритмдер арқылы «шикі» деректерді мазмұнды статистикаға айналдырып келе жатқанын айтты. 

«Мобильді деректер – бұл нағыз «алтын кеніш». Себебі мобильді желілер ел аумағының 100%-ға жуығын қамтиды, ал адамдар үнемі байланыста болғандықтан, олардың қайда және қашан жүргені туралы ақпарат автоматты түрде қалыптасады. Осыған сүйене отырып, елдер болжамға емес, нақты деректерге негізделген шешімдер қабылдай алады. Мысалы, Литвада туристік кеңес бұл ақпаратты нақты нарықтар үшін бірлескен маркетингтік кампанияларды жоспарлауға, әртүрлі туристік нысандарды кешенді түрде ілгерілетуге пайдаланады», – деді ол. 
Алдағы уақытта Ұлттық статистика бюросы мобильді деректерді тек туризм саласында ғана емес, көші-қон және ішкі еңбек ағындарын талдау үшін де пайдалануды жоспарлап отыр.

Тізімге оралу