Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросы
STAT.DATATHON – 2026: ТМД-ның жеті елінен 108 команда бақ сынайды
21.09.2026
STAT.DATATHON – 2026: ТМД-ның жеті елінен 108 команда бақ сынайды
WhatsApp Image 2026-09-21 at 14.29.04.jpeg


Қазақстанда бесінші, мерейтойлық STAT.DATATHON-2026 байқауы басталды. Биыл байқау алғаш рет халықаралық деңгейде өтуде. Оған Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Армениядан 108 команда тіркелді. Бұл – байқау тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.

Халықаралық формат ТМД елдерінен жас мамандарды, студенттерді, зерттеушілер мен талдаушыларды бір алаңға біріктіріп, деректер, статистика және жасанды интеллект салаларында тәжірибе алмасуға әрі бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Биыл қатысушыларға екі бағыт ұсынылады:

Data to Policy – шешім қабылдауды қолдау және әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу үшін деректер негізінде шешімдер әзірлеу;

AI for Official Statistics – ресми статистиканы дамыту үшін жасанды интеллект пен заманауи технологияларды қолдану.

Қатысушылар статистикалық ақпарат негізінде қалыптастырылған синтетикалық деректер жиынтықтарымен жұмыс істеп, бағдарламалау, деректерді талдау және визуализациялау құралдарын, сондай-ақ ЖИ технологияларын қолданады.

 

Жобаларды 12 қазанға дейін тапсыру қажет. Ал байқаудың ақтық кезеңі 2026 жылғы 20 қазанда өтеді.

Байқаудың басты мақсаты – деректерді талдаудың жаңа тәсілдерін ұсынып, әлеуметтік-экономикалық және әдіснамалық міндеттерді шешуге бағытталған практикалық жобалар әзірлеу. Қатысушылар деректерді талдап, өз идеяларын жобалап, оны қорғауға дейінгі кезеңдерден өтеді.

STAT.DATATHON-2026 байқауын ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы ТМД Статистика комитетінің қолдауымен ұйымдастыруда.

Байқаудың серіктестері – «El Umiti» корпоративтік қоры және Alem.ai Foundation.

Тізімге оралу