01.08.2024
Санақ жүргізетін қызметкерлерді оқыту – бюро ауыл шаруашылығы санағына дайындық жұмыстарын жалғастыруда
Астанада пилоттық ауыл шаруашылығы санағын ұйымдастыруға және өткізуге тартылатын өңірлік департамент қызметкерлері үшін үш күндік оқыту семинары басталды.
Мамандар санақ науқанының мақсаттары мен міндеттерімен танысып, пилоттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу тәртібін білді, респонденттер арасында сауалнама жүргізу ерекшеліктерін көріп, санақ парақтарын толтыруды үйренді, сондай-ақ қызметкерлердің (интервьюерлердің) міндеттері мен соларға арналған жадынамамен танысты. Сондай-ақ қызметкерлерге электронды құрылғыда сауалнама жүргізу, деректерді сақтау және жіберу кезінде планшеттермен дұрыс жұмыс істеу туралы нұсқау берілді.
Естеріңізге сала кетейік, пилоттық ауыл шаруашылығы санағы 2024 жылдың 20 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығында өтеді, онда ақпараттық жүйелер мен бағдарламалық қамтамасыз етудің жұмысы, деректерді жинау және беру әдістемесі, интернет пен әкімшілік деректер сапасы және басқа да пайдаланылатын құралдар сынақтан өткізіледі.
Пилоттық жобаға 54 елдімекен – әр өңірден бір қала және екі ауылдан қатысады. Респонденттер sanaq.gov.kz сайтында сауалнама парағын толтыру арқылы ауыл шаруашылығы санағынан өз бетінше өте алады, үй шаруашылықтарын интервьюер аралайды. Ауыл шаруашылығы санағының негізгі кезеңі 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтеді.
Санақ ауыл шаруашылығының жай-күйі, оның ішінде шаруашылықтардың саны, мал басы, пайдаланылатын технологиялар мен ресурстар туралы өзекті ақпаратты жинауға мүмкіндік береді. Бұл ауыл шаруашылығының ағымдағы жағдайын мұқият талдауға, тенденциялар мен проблемаларды анықтауға және ауыл шаруашылығын қолдаудың стратегиялық жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлеуге ықпал етеді.
Мәселен, санақ деректері негізінде субсидиялар тағайындау, несиелер беру және мемлекеттік қолдаудың басқа да нысандары қарастырылуы мүмкін.
Тізімге оралу