Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросы
Республикалық «Qazdatathon» байқауы басталды
01.10.2025
Республикалық «Qazdatathon» байқауы басталды
Республикалық «Qazdatathon» байқауы басталды

Ұлттық статистика бюросы «Kazakhstan Sociology Lab» әлеуметтанушылар мектебімен бірлесіп жыл сайын өтетін деректерді талдау бойынша республикалық «Qazdatathon» байқауының басталғанын хабарлайды.

Биыл «Qazdatathon» байқауы төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Байқау цифрлық дағдыларды дамытып, деректермен жұмыс істеуді үйренгісі келетін жастар үшін маңызды шараға айналған. Жоба статистикалық деректерді талдау мәдениетін кеңінен насихаттауға және жас мамандардың аналитикалық ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған. Онда студенттер, жас аналитиктер, data-scientist мамандары мен әлеуметтік зерттеушілер командалық форматта әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге атсалысады.

«Жыл сайын байқауға қызығушылық артып келеді. Бұл – үлкен көлемдегі ақпаратпен жұмыс істей алатын әрі тың шешімдер таба білетін жаңа буын мамандары қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Биыл да сол үрдіс жалғасады деп сенемін. Бүгінде шешімдер қабылдау барған сайын нақты деректерге сүйенеді. Ал осы байқау арқылы біз деректерді талдай алатын, статистиканы пайдаланып шешім қабылдауға қабілетті жас мамандардың буынын тәрбиелейміз. Qazdatathon оларға өздерін танытуға және практикалық тәжірибе жинауға мүмкіндік береді», – деді Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев

Байқауға 35 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары қатыса алады. Командалар 2-5 адамнан құралады. Қатысушылардың экономика, әлеуметтік ғылымдар, статистика, бағдарламалау немесе деректерді визуализациялау саласында білімі болғаны құпталады.

Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен ақшалай жүлделер беріледі. Қатысу шарттары мен өтінім беру тәртібі туралы толық ақпарат datathon.stat.gov.kz сайтында жарияланған.

 

Тізімге оралу