Алматы қаласындағы БҰҰ алаңында ресми статистиканы қалыптастыру үшін мобильді позициялау деректерін пайдалану мәселесіне арналған үш күндік өңірлік семинар өз жұмысын бастады. Іс-шараны ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы Қазақстанның халықаралық даму жөніндегі KazAID агенттігі, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA), БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры (ЮНФПА) және Азия даму банкімен бірлесіп ұйымдастырды.
Семинар Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжанның ұлттық статистика органдарының өкілдерін, сондай-ақ мобильді деректерді ресми статистикада қолдану саласында жетекші тәжірибеге ие Индонезия Статистика орталығын біріктірді. Іс-шараның өткізілуі Қазақстанның Орталық Азия және көршілес елдер арасындағы заманауи статистикалық технологияларды ілгерілету мен кәсіби ынтымақтастықты нығайту бойынша өңірлік алаң ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын растайды. Мұндай бастамалар Қазақстан тарапынан халықаралық әріптестермен бірлесіп, өңірдің статистикалық әлеуетін дамыту және озық тәжірибелермен алмасу аясында жүзеге асырылып келеді.
Семинардың негізгі тақырыбы – ресми статистиканы жетілдіруге арналған үлкен деректердің әлеуеті ең жоғары көздерінің бірі ретінде мобильді позициялау деректерін пайдалану. Бүгінде мұндай деректер халықтың мобильділігі, көші-қон үдерістері, туристік ағындар және әлеуметтік-экономикалық белсенділік туралы неғұрлым жедел әрі егжей-тегжейлі ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл деректер негізінде шешім қабылдау сапасын арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Үш күн бойы қатысушылар мобильді операторлар деректеріне қолжетімділікті ұйымдастырудың халықаралық тәсілдерін, мемлекеттік органдар мен дерек жеткізушілер арасындағы құқықтық және институционалдық өзара іс-қимыл тетіктерін, сондай-ақ ресми статистика үшін ақпаратты өңдеу және талдаудың практикалық әдістерін зерделейді. Сондай-ақ халық және туризм статистикасын қалыптастыру, азаматтардың мобильділігін өлшеу, үлкен деректер аналитикасын қалалық жоспарлауда қолдану және төтенше жағдайлар мен табиғи апаттарға дайындықты арттыруға бағытталған шешімдер әзірлеу мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Семинардың сарапшылары ретінде Қазақстан Ұлттық статистика бюросы мен Индонезия Орталық статистика бюросының өкілдері қатысып, ұлттық статистикалық жүйелерге инновациялық дереккөздерді енгізу тәжірибесімен бөлісуде.
«Заманауи статистиканың жаңа буыны цифрлық деректер негізінде қалыптасады. Мобильді позициялау деректерін пайдалану демографиялық үдерістерді, көші-қонды, туристік белсенділікті және халықтың мобильділігін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттік органдар үшін сапалы аналитика, дәл болжам және тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға жол ашады. Бүгінде Қазақстан тек озық статистикалық құралдарды енгізіп қана қоймай, сонымен қатар деректер мен инновациялар саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамытуға арналған алаң ретінде де қызмет етуде», - деп атап өтті ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Гүлмира Қарауылова.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушыларға оқу бағдарламасын аяқтағаны туралы сертификаттар табысталады. Семинар өңірлік ынтымақтастықты дамытуға және ресми статистиканың сапасын арттыру үшін заманауи дереккөздерді кеңінен қолдануға маңызды қадам болмақ.