Ұлттық статистика бюросы
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі
Мемлекеттік статистика мәселелері бойынша заңға түзетулер енгізілді
10.07.2024
Мемлекеттік статистика мәселелері бойынша заңға түзетулер енгізілді
Мемлекеттік статистика мәселелері бойынша заңға түзетулер енгізілді

Мемлекет басшысы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттар тобы бастама жасаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік бақылау мен статистика, халықты қорғау жүйесін жетілдіру, деректерді басқару, заңды тұлғаларды тіркеу және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Енгізілген өзгерістердің мақсаты – Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік статистика және ұлттық деректерді басқару жүйесін жетілдірудің құқықтық негіздерін құру.

Енгізілген түзетулер шеңберінде деректерді жинау, өңдеу және цифрландыру процестерін оңтайландыруға бағытталған мемлекеттік статистиканы дамытудың негізгі бағыттары айқындалды.

Дәстүрлі әкімшілік көздерден басқа статистикалық қызметте қолданылатын «Баламалы деректер» түсінігі енгізілді. Бұл ақпараттың жоғары дәлдігін және қайта қолданылуын қамтамасыз ететін фискалдық түбіртектер, космосуреттер, ұялы байланыс операторлары және т.б. көздер дерегі болуы мүмкін.

Сондай-ақ толықтырулар стратегиялық жоспарлау мен ресурстарды тиімді пайдалануға ықпал ететін статистикалық қызметті қысқа мерзімді жоспарлаудан үш жылға дейінгі орта мерзімді жоспарлауға көшуді көздейді. Әкімшілік және баламалы деректер көздерін белсенді пайдаланудың арқасында статистикалық есептіліктің 40-50%-ға қысқарту күтіліп отыр.

Заңға енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес, электрондық үкімет аясында деректерді оңтайландыруға және стандарттауға бағытталған «Ұлттық тізілімдер» және «Ұлттық анықтамалық ақпарат» ұғымдары да енгізілді. Бұл мемлекеттік органдарға деректерді тиімді басқаруға және қабылданған шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Бұл ретте «Деректер өнімі» ұғымы енгізілуде, ол дерек иелерінің оларды таратуға мүмкіндік беретін дерек ұсынушылар тізіліміне енгізіледі.

«Реформа әкімшілік және баламалы деректер көздерін пайдалану, сондай-ақ ұлттық деректердің сапасын арттыру және оларды қайта пайдалану арқылы есеп беретін респонденттер жүктемесін азайтуға бағытталған. Бұл заңның қабылдануы мемлекеттік секторға, бизнеске және азаматтарға пайда әкелетін ұлттық деректер экожүйесін дамытудағы маңызды қадам», - деді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.

Мемлекеттік статистика туралы заңға енген түзетулер статистика саласын жетілдіруге ықпал ететін деректерді басқару мен статистика жүйесін жетілдірудің басты көзі болмақ.

 

 

 

Тізімге оралу

Онлайн кеңесші