Бүгін жыл сайынғы «Qazdatathon» республикалық байқауы өз мәресіне жетті, оның мақсаты деректерді пайдалана отырып, әлеуметтік-экономикалық және әдіснамалық проблемалар үшін инновациялық шешімдерді іздеу. Байқауды ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы, «El Umiti» корпоративтік қоры және Kazakhstan Sociology Lab ұйымдастырды.
Конкурсқа барлығы 19 өтінім берілді, оның ішінде 7 команда финалға өтті. Финалистер қатарында Astana IT University, Л. Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Maqsut Narikbayev University, М.В. Ломоносов атындағы ММУ қазақстандық филиалы мен AlmaU қоса алғанда, еліміздің жетекші оқу орындарының студенттері мен зерттеушілері болды.
Үшінші рет өткізілген іс-шара Қазақстанда деректерді басқару мәдениетін дамытудағы маңызды қадам болды. Байқау барысында қатысушылар статистикалық қосымшалар мен бағдарламалау тілдерін қолдана отырып, жұмыспен қамту, жалақы және еңбек жағдайлары саласындағы өзекті мәселелерді шешті.
«Qazdatathon 2024 қатысушылары әлеуметтік-экономикалық саясат саласында тиімді шешімдерді әзірлеу үшін деректерді пайдалану турасында өз қызығушылықтары мен жақсы дайындығын көрсетті. Мұндай бастамалардың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін білімі мен біліктілігін қолдануға ұмтылатын жастар мен кәсіпқойлар арасында қызығушылық тудыратыны біз үшін мақтаныш», — деп атап өтті Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Жобаларды қорғау және қазылар алқасы жұмысының қорытындысы бойынша бірінші орынды Mind Maqsut narikbayev University талдау орталығының зерттеушілері иеленді, қатысушылар Қазақстанның бейресми еңбек нарығы бойынша жоба ұсынды. Екінші орынды Astana It University командасы жеңіп алды, олар негізгі кәсіп түрлерінің табыстылығы бойынша талдау және болжау жүргізді. Үшінші орын М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандық филиалының командасына берілді, студенттер Қазақстан Республикасында еңбекақы төлеу құрылымы бойынша жобаны қорғады.
Конкурстың жалпы жүлде қоры 1 млн теңгені құрады, сондай-ақ финалистер әлеуметтанушылар мектебінде оқуға грант және Ұлттық статистика бюросында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.