16.04.2026
Мақсат Тұрлыбаев Сеул ұлттық университетімен ынтымақтастық мәселелерін талқылады
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев Сеул ұлттық университетінің Демографиялық саясатты зерттеу орталығының директоры, профессор Чо Ён Тхэмен кездесу өткізді.
Кездесуге сондай-ақ СЖРА жанындағы Демографиялық процестерді талдау және болжау орталығының қызметкерлері, Сеул ұлттық университетінің зерттеушісі Ким До Ён, Назарбаев Университетінің қауымдастырылған профессоры Владимир Козлов және Бюро өкілдері қатысты.
Тараптар демографиялық зерттеулер мен талдау саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Әңгіме барысында бірлескен жобаларды іске асыру, тәжірибе алмасу және қолданбалы бағыттарды дамыту, оның ішінде демографиялық болжам жасау, халықтың әлеуметтік көңіл-күйін зерттеу, этнодемография және көші-қон процестері мәселелері сөз болды.
Сеул ұлттық университеті орталығының өкілдері өз қызметінің кең ауқымын – іргелі зерттеулерден бастап қолданбалы талдауға дейін қамтитынын атап өтіп, ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендерін білдірді.
Кездесуде, сондай-ақ, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, бірлескен зерттеулер жүргізу және демография саласында жасанды интеллект технологияларын қолдану бастамаларын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар демографиялық саясат саласында практикалық ұсыныстар әзірлеу және ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы уағдаласты.
Тізімге оралу