02.09.2025
Ұлттық статистика бюросының қызметкерлері халықаралық университеттерге оқуға түсті
Жаңа оқу жылы Ұлттық статистика бюросы қызметкерлері үшін де ерекше басталды. 12 маман М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалына «Қазіргі экономикадағы статистика және деректерді басқару» білім беру бағдарламасы бойынша магистратураға қабылданды. Бағдарлама 2024 жылдан бастап «Экономика» бағыты аясында жүзеге асырылып келеді. Алғашқы оқу жылын Бюроның 17 қызметкері сәтті аяқтады.
Магистранттар қатарында орталық аппараттың, Астана қаласы бойынша Статистика департаментінің және «Ақпараттық-есептеу орталығы» РМК-ның мамандары бар. Оқу форматы кәсіби қызмет пен академиялық жүктемені қатар алып жүруге мүмкіндік береді.
«Біз қызметкерлердің дамуға деген ұмтылысын қолдаймыз. Академиялық орта талдау жасау қабілетін қалыптастыруға ықпал етеді, бұл біздің жұмысымыз үшін аса маңызды. Оқуға түскендер үшін икемді жұмыс кестесі қарастырылған», – деп атап өтті Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Сонымен қатар Бюроның тағы үш қызметкері KOICA және JICA стипендиялық гранттарының иегері атанып, Оңтүстік Корея мен Жапония университеттерінде білім ала бастады. Баға статистикасы департаментінің бағаларды салыстыру басқармасының басшысы Меруерт Жарекеева Handong Global University-ге мемлекеттік саясат және АКТ конвергенциясы бағдарламасы бойынша қабылданды. Қоршаған орта статистикасы департаментінің сарапшысы Сануар Жакенова University of Seoul университетінде қала құрылысы және даму бағыты бойынша оқып жүр. Өнеркәсіп статистикасы департаментінің бас сарапшысы Сұңғат Ғабдурашит International University of Japan университетінде халықаралық мемлекеттік саясат бағдарламасына қабылданды.
Бұған қоса, тағы төрт қызметкер Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына түсті. Олардың арасында кадр саясаты, стратегиялық жоспарлау және демографиялық статистика саласының мамандары бар.
Айта кетсек, Бюро отандық жоғары оқу орындарымен де белсенді ынтымақтастық орнатып келеді. Бүгінгі таңда елдің жоғары оқу орындарымен 35 меморандумға қол қойылған, оның 12-сі орталық аппарат деңгейінде, 23-і өңірлерде жасалған. Жыл басынан бері орталық аппарат пен аумақтық бөлімшелердің базасында жетекші қазақстандық университет студенттері үшін оқу және өндірістік тәжірибелер ұйымдастырылды.
Ұлттық статистика бюросының білім беру бастамалары кадр әлеуетін нығайтуға, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға және елдегі сараптама жасау дағдысын дамытуға бағытталған.
Тізімге оралу