07.09.2023
Ұлттық статистика бюросының пайдаланушылары үшін деректерге жазылу құралы іске қосылды
Ұлттық статистика бюросы сайттың тұрақты пайдаланушылары үшін деректерге жазылу мүмкіндігін ұсынып отыр. Енді ай, тоқсан немесе жыл сайын шығатын статистикалық деректерді үнемі іздеп отырушылар пайдаланушы кабинетіне кіру арқылы өтінім қалдырып, бюллетеньдер мен кестелер сайтқа жарияланған сәтте оларды бірден электрондық поштасына да алып отырады.
«Жазылушылар өздерін қызықтыратын саланы таңдап, сайтқа жарияланған соңғы ақпаратты жедел алып отырады. Сонымен қатар, біз зерттеушілер үшін деректер базасын сәйкестендірілмеген түрде алу мүмкіндігін ұсынамыз. Пайдаланушы кабинеті – бұл жаңа функционал, оның көмегімен біз пайдаланушылармен арадағы байланысты нығайтқымыз келеді. Жаңа құрал статистикалық ақпарат пайдаланушыларының қажеттіліктерін қанағаттандыра отырып, тиімді қатынас орнатуға бағытталған», – дейді Бюро басшысының орынбасары Жаннат Дүбірова.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық статистика бюросы сайттың жаңа дизайн нұсқасына 2023 жылдың мамыр айынан бастап толығымен көшті, оған дейін бес ай бойы бұдан бұрынғы нұсқа қатар жүргізілген болатын. Жыл басынан бері stat.gov.kz сайтында 600 мыңнан астам пайдаланушы және 2 млн кіру тіркелді. Пайдаланушылардың негізгі дені БСН және ЭҚЖЖ бойынша іздеу бөлімдерін, өңірлер статистикасын, интерактивті дашбордтарды, баға және демография бойынша статистиканы жиі қарайды.
Жалпы бюро сайтын жаңарту ресми статистиканы іздеп-табу, алу жолдарын жеңілдетуге бағытталған. Бұл ретте сайт дизайны, навигациясы, құрылымы, деректерді жариялау құралдарына айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Жаңа сайт Бюро ішінде бұрынғы нұсқа пайдаланушыларының тәжірибесі мен жаңа шешімдерді сынаған фокус-топтың пікірлерін талдау арқылы әзірленген.
Үздік тәжірибені қамтамасыз ету үшін Бюро деректердің әлемдік ашықтығы бойынша Open Data inventory (odin) рейтингіне жауапты коммерциялық емес Open Data Watch халықаралық ұйымының ұсыныстарын негізге алған. Сайт бөлімдері халықаралық тәжірибеге сүйене отырып жасалған, мұнда Ұлыбритания, Австралия, Германия, Норвегия, Дания және Сингапур сияқты әлемнің жетекші статофистерінің сайттары үлгі ретінде пайдаланылған.
Тізімге оралу