08.04.2025
Ұлттық статистика бюросының басшысы ЮНФПА тұрақты өкілімен кездесу өткізді
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы БҰҰ-ның Қазақстандағы халықты қоныстандыру қорының (ЮНФПА) Тұрақты өкілі және Қырғызстан мен Түркіменстандағы директоры Чинве Огбонна ханыммен кездесті.
Тараптар демографиялық статистикаға қатысты мәселелерді талқылап, талдау және мемлекеттік бағдарламаларды тиімді әзірлеу үшін сапалы әрі уақтылы деректердің маңыздылығын атап өтті. Кездесуде халық санының болжамына ерекше назар аударылды. ЮНФПА бұл жұмыс аясында техникалық қолдау көрсетіп келеді, соның ішінде 2021 жылғы халық санағы деректері негізінде аналитикалық материалдар мен болжамдар әзірленген болатын.
Бюро басшысы ЮНФПА-ның ұзақ мерзімді және нәтижелі ынтымақтастығы мен олардың көрсеткен қолдауы үшін ризашылығын білдірді. «Біз Қазақстанның статистикалық саласын дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Сіздің қолдауыңызбен 2021 жылғы Халық санағы, MICS сияқты ауқымды зерттеулер жүргізілді. Бұл деректердің маңызы ерекше, олар халық жағдайын жақсарту мен азаматтар құқығын қорғау үшін қажетті шараларды әзірлеуде шешуші рөл атқарады», – деп атап өтті Мақсат Тұрлыбаев.
Өз кезегінде ЮНФПА 2030 жылғы санаққа дайындық кезінде, оның ішінде тіркелімдерді қолдана отырып жаңа әдістемелерді енгізу бөлігінде қолдау көрсетуге дайын екенін растады. Бұдан басқа, бүгінде 2026-2029 жылдарға арналған Ел деңгейінде жаңа бағдарлама әзірленіп жатыр, оның аясында демографиялық талдау саласындағы мамандардың әлеуетін өсіру жұмысы жалғасатын болады.
Тізімге оралу