ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев ислам елдеріне арналған статистикалық, экономикалық және әлеуметтік зерттеулер мен оқыту орталығының (SESRIC) бас директоры Зехра Зюмрют Селчук ханыммен кездесті.
Кездесуде бюро мен SESRIC арасындағы статистика және әлеуметтік-экономикалық зерттеулер саласындағы өзара ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Мақсат Тұрлыбаев оқыту бағдарламаларын ұйымдастыруға және техникалық ынтымақтастықта тәжірибе алмасуға қатысты бағыттардағы өзара іс-қимылды тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында тараптар Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы аясындағы статистикалық қызмет пен халықаралық ынтымақтастықты қоса алғанда, өзекті мәселелердің кең ауқымын талқылады.
Зехра Зюмрют Селчук ханым ұлттық статистика бюросымен ынтымақтастықтың маңыздылығын ата өтіп, SESRIC-тің ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер туралы статистикалық деректердің қолжетімділігін қамтамасыз етуде және талдауда шешуші рөл атқаратынын тілге тиек етті.
Бұл өзара іс-қимылды нығайтуға және бірлескен жобаларды әзірлеуге, сондай-ақ, серіктес елдерді мүмкіндіктер мен қажеттіліктер туралы ақпараттандырып отыруға ықпал етеді.
Анықтама:
SESRIC – Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) негізгі органы ретінде мүше мемлекеттер туралы Әлеуметтік-экономикалық статистиканы жинаумен, талдаумен және таратумен, сондай-ақ экономикалық және әлеуметтік даму мәселелері бойынша зерттеулер жүргізумен айналысады. Орталық ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мүддесі үшін персоналдың әкімшілік және техникалық қабілеттерін нығайтуға бағытталған оқыту бағдарламаларын белсенді ұйымдастырады.
SESRIC 1978 жылы Анкарада Сыртқы істер министрлерінің Ислам конференциясының қарары негізінде құрылған. Ол ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесуде, статистика, экономикалық және әлеуметтік зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі бастамаларды қолдауда маңызды рөл атқарады.