Ұлттық статистика бюросы
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі
Ұлттық статистика бюросы табиғи-экономикалық есепке алу жүйесі бойынша жаңа шоттарды жариялай бастады
20.09.2024
Ұлттық статистика бюросы табиғи-экономикалық есепке алу жүйесі бойынша жаңа шоттарды жариялай бастады
Ұлттық статистика бюросы табиғи-экономикалық есепке алу жүйесі бойынша үш жаңа шотты жариялай бастады, бұл табиғи ресурстарды пайдалану және олардың қоршаған ортаға әсері жөніндегі деректерді тереңірек талдауға мүмкіндік береді.

Табиғи-экономикалық есепке алу жүйесінің шоттары қоршаған орта активтері қорларының өзгеруін сипаттау үшін қоршаған орта мен экономика арасындағы өзара байланысты түсінудегі көп мақсатты тұжырымдамалық негіз боп есептеледі. Бұған дейін Бюро атмосфераға шығарындылар, қоршаған ортаны қорғауға жұмсалған шығындар және экологиялық салық сияқты үш шот бойынша деректерді ғана жариялап келген.
Үш жаңа шот бойынша деректерді stat.gov.kz сайтындағы «Ұлттық шоттар статистикасы» бөлімінде табуға болады, онда материалдар ағынының шоты, минералды және энергетикалық ресурс активтерін есепке алу мен орман ресурстары бойынша шоттар бар.

Материалдар ағынының шоты табиғи ресурстарды өндіру, олардың саудасы, қалдықтарды жою және шығарындылар туралы түсінік береді. Бұл көрсеткіштер жалпы экологияға түсетін жүктеме мен ұлттық экономикаға әсерін бағалаудағы маңызды жанама көрсеткіштер. Осы шот аясында Орнықты даму мақсаттарының 8.4.2 «Жалпы ішкі материалды тұтыну» индикаторы бағаланды. Қазақстанда бұл көрсеткіш 2021 жылы 623,8 млн тонна болған (ұлттық экономикада қолданылатын материалдар көлемі). Материалдарға биомасса, металл кен, металға жатпайтын минералдар және отын сияқты шикізат пен өнімдер жатады.

Минералды және энергетикалық ресурстар үшін активтерді есепке алу шоты олардың қорлары мен есепті кезеңдер арасындағы қордағы өзгерістер туралы ақпарат береді. Жарияланымда минералды-энергетикалық ресурстардың негізгі түрлері бойынша деректер көрсетілген: көмір, мұнай, газ, темір кені, алтын және т.б. Мысалы, 2022 жылдың соңында көмір қоры 28 908,9 млн тоннаны, мұнай – 2 942,6 млн тоннаны, темір кені – 10 764,6 млн тоннаны, марганец кені – 400,3 млн тоннаны құрады. Жарияланымда 2014-2022 жылдардағы динамиканы көруге болады.

Орман қоры жөніндегі үшінші шотта орман алқаптарының ауданы және оның бір жыл ішіндегі өзгерістері туралы мәлімет береді. Шот негізінен орман алқабында  ағаш кесуден не егуден болған  өзгерістерді ескереді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы ормандар мен орманды алқаптардың ауданы 13,7 млн гектарды құрады, оның 5,9% – өсірілген орман, 11,8% – ну орман, 82,3% табиғи түрде жаңаратын ормандар.
Деректер табиғи-экономикалық есепке алу жүйесі бойынша халықаралық нұсқауларға сәйкес, ЭЫДҰ және ЮНЕП сарапшыларының ұсыныстарын ескере отырып құрастырылған. Аталған шоттар жыл сайын жарияланып отыратын болады.



Тізімге оралу

Онлайн кеңесші