Ұлттық статистика бюросы
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі
Ұлттық статистика бюросы респонденттерге арналған талдау бөлімін әзірледі
14.02.2024
Ұлттық статистика бюросы респонденттерге арналған талдау бөлімін әзірледі
Статистикалық есептерді электронды түрде ұсынатын респонденттердің жеке кабинетінде енді жаңадан құрылған талдау бөлімі қолжетімді. 

Бүгінде 1-ПФ (кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметі туралы есеп) және 2-MП (шағын кәсіпорын қызметі туралы есеп) есептерін ұсынатын компаниялар өз саласы бойынша егжей-тегжейлі талдауды көре алады. «Талдау есебі» бөлімі респондент кабинетінде қолжетімді, оған ЭЦҚ көмегімен авторизациядан өткеннен кейін кіруге болады. 

Ақпарат респонденттердің статформаларда тапсырған деректері негізінде жасалады. Ол арқылы компанияларға бәсекелестік орта туралы түсінік алуға көмектесетін құнды ақпараты бар аналитикалық мәліметтердің жиынтығы ұсынылады. «Талдау үшін компанияның бастапқы деректері пайдаланылатынын және ол тек агрегатталған күйде көрінетінін атап өту қажет, кәсіпорындардың атауы, нақты қаржы айналымы анонимді боп қалады. Бұл біздің респонденттерді есепті электронды түрде беруге ынталандыратын шаралардың бірі. 

Осылайша, 65 мыңнан астам респондент сырттан ұқсас зерттеулерге ақша жұмсамай-ақ, маркетинг құралын алу мүмкіндігіне ие болды», – дейді Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев. Бірінші бөлімде респонденттер өңірлер бойынша тиісті саладағы бәсекелестердің толық картасын қарай алады. 

Олар сондай-ақ өз компаниясының шығындары мен өндіріс арақатынасын бәсекелестерімен салыстыра алады, бұл тиімділікті бағалауға көмектеседі. Сонымен қатар өндірістің тоқсан сайынғы динамикасы мен сала және аймақ бойынша нарықтағы үлесін көруге болады. Сол сияқты, «Еңбек өнімділігі» бөлімінде тоқсан бойынша бір адамға мың теңгеге шаққандағы еңбек динамикасын, сондай-ақ өңір мен сала бөлінісіндегі еңбек өнімділігін көруге болады. 

Мұндағы жоғары еңбек өнімділігі кәсіпорынның өз қызметкерлерін мақсаттар мен міндеттерге жету үшін тиімді пайдаланғанын айғақтайды. 

Сондай-ақ бөлімде өндіріс кірісі, активтері, меншік капиталы, EBIDTA маржасы туралы ақпарат бар. 

Қазіргі уақытта талдау бөлімі аталған есеп түрлерін онлайн ұсынған компанияларға ғана көрінеді, жақын арада талдау деректері берілетін статистикалық есептердің тізімі кеңейтілетін болады.


Тізімге оралу

Онлайн кеңесші