02.10.2025
Ұлттық статистика бюросы мен Дүниежүзілік банк статистика мамандарының әлеуетін дамыту бойынша өзара ынтымақтасады
Бүгін халықаралық Digital Bridge форумының алаңында Ұлттық статистика бюросы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі (Дүниежүзілік банк) Қазақстандағы статистика саласында жаңа ынтымақтастық бағыттарын айқындайтын өзара түсіністік меморандумына қол қойды. Құжат білім мен халықаралық тәжірибе алмасу, сондай-ақ мамандарға арналған білім беру бағдарламаларын дамыту бойынша бірлескен жұмысты көздейді. Тараптар статистика мамандарының кәсіби әлеуетін арттыруға және деректерді талдаудың заманауи әдістерін енгізуге бағытталған семинарлар, тренингтер мен практикумдарды ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Әсіресе туризм мен мобильділік салаларындағы көрсеткіштерді қалыптастыруға, сондай-ақ жаңа зерттеу тәсілдерін дамытуға ерекше мән беріледі.
Сонымен қатар, ынтымақтастық бірлескен басылымдар дайындауды, зерттеулер жүргізуді, академиялық қауымдастық пен өндірістік секторлармен байланыстарды кеңейтуді, сондай-ақ жобалардың нәтижелерін конференциялар, интернет-ресурстар мен басқа да ашық алаңдар арқылы тарату мүмкіндігін қарастырады.
«Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастық жалғасын тауып жатқанына қуаныштымын. Бірлескен жұмыс статистиканың кейбір бағыттарының дамуына және озық әдістемелердің енгізілуіне ықпал етеді деп сенеміз. Бұл серіктестік біздің мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге және еліміздің бүкіл статистика жүйесінің әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Меморандумның маңызды бөлігі - бірлескен жұмыстың тиімділігін тұрақты бағалау. Бұл екі ұйымның басымдықтарын ескеруге және ұлттық статистикалық жүйенің дамуына, сондай-ақ оның халықаралық стандарттарға сәйкестігін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді әріптестікті құруға мүмкіндік береді.
Халықаралық қайта құру және даму банкі (ХҚҚДБ) – Дүниежүзілік банктің негізгі несие институты болып табылатын жаһандық даму ұйымы. Ол қарыз беру, кепілдіктер, тәуекелдерді басқару өнімдері және консультациялық қызметтерді ұсынады. ХҚҚДБ өңірлік және жаһандық деңгейдегі көптеген мәселелерді шешуге бағытталған шараларды үйлестіруші ретінде қызмет атқарады.
Тізімге оралу