05.08.2024
Ұлттық статистика бюросы мен Азия даму банкі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мәселелерін талқылады
Ұлттық статистика бюросы мен Азия Даму Банкі (АДБ) 2025-2027 жылдарға арналған статистиканы жетілдіру бағдарламасы шеңберінде статистиканы дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қоюға ниетті.
Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың Қазақстандағы Азия даму банкі өкілдігінің директоры Утсав Кумар мырзамен кездесуі барысында белгілі болды.
Меморандум озық технологияларды пайдалану, әдістемелерді әзірлеу және сынақтан өткізу, статистика органдарының білімі мен әлеуетін арттыру, статистикалық қосымшалар мен бағдарламаларды әзірлеу және өңірде озық статистикалық білім мен тәжірибені тарату сияқты бес негізгі бағыттағы ынтымақтастықты көздейді.
«Меморандумға қол қою Қазақстанның статистикалық жүйесін жаңғырту мен жақсарту жолындағы маңызды қадам болмақ. АДБ қолдауының арқасында біз озық халықаралық стандарттар мен технологияларды өз жұмысымызға үйлестіре аламыз, бұл деректердің сапасын және олардың ұлттық және халықаралық деңгейдегі сұранысын арттырады», – дейді Бюро басшысы М.Тұрлыбаев.
2025-2027 жылдарға арналған статистиканы жетілдіру бағдарламасы елдің қоғамдық және экономикалық өмірінің түрлі салаларында негізделген шешімдер қабылдауға ықпал ететін неғұрлым ашық әрі тиімді статистикалық жүйені құруға бағытталған.
Бұған дейін Бюро АДБ қолдауымен Қазақстанның статистикалық жүйесін жақсартуға бағытталған бірқатар жобаны іске асырды, оның ішінде «Бақыланбайтын экономиканы бағалау әдістемесіне» шолу бойынша жұмыс жүргізілді, ресурстар мен пайдаланудың цифрлық кестелерін құруға техникалық көмек көрсетілді, қызметкерлерді визуалды және болжамды аналитикамен жұмыс істеу дағдыларына оқыту және т.б. жұмыстар жүргізілді.
Тізімге оралу