Ұлттық статистика бюросы
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі
Халық саны 20 миллионға жақындап қалды
01.11.2023
Халық саны 20 миллионға жақындап қалды
2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша халық саны 19 967 964 адамды құрады, оның ішінде қала тұрғындары – 12 387 957 адам, ауыл тұрғындары – 7 580 007 адам.

Жыл басынан бері халық өсімі 1,02% немесе 201,1 мың адамды құрады. Халық санының ең жоғары өсу қарқыны Астана – 4,06% мен Алматы қалаларында – 2,28% және Маңғыстау облысында – 1,94%.

Республикалық маңызы бар қалалардан басқа, тұрғындар саны миллионнан асатын аймақтар – Түркістан (2 137 694), Алматы (1 524 539), Жамбыл(1 221 976) және Қарағанды (1 135 601) облыстары. Халықтың табиғи өсімі есебінен, яғни туу және қайтыс болу деректерін ескергенде, халық саны 194 753 адамға өсті. Көші-қон өсімі есебінен халық саны 6 404 адамға көбейді, бұл сальдоның оң екенін көрсетеді.

Халықтың табиғи қозғалысы есебінен өсудің ең жоғары қарқыны Түркістан облысында байқалды, онда халық саны 34 097 адамға, Шымкент қаласында 19 242 адамға, Алматы облысында 18 251 адамға өсті. Халық өсімінің аталған қарқынын ескерсек, 20 миллион адам көрсеткіші 2023 жылғы қарашада болады деп күтіліп отыр.

Тізімге оралу

Онлайн кеңесші