24.09.2024
Халықаралық сарапшылар делегациясы Қазақстанның экологиялық статистикасына салалық шолу жүргізеді
24-27 қыркүйек аралығында халықаралық ұйым сарапшылары Қазақстанның экологиялық статистикасына салалық шолу жүргізеді. Шетелдік мамандардың қатарында БҰҰ ЕЭК, Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы, Италия статистикалық институты, тәуелсіз зерттеу және консалтингтік ICEDD ұйымы (Бельгия), сондай-ақ Грузия мен Арменияның статистикалық органдарының өкілдері бар.
Сарапшылардың бұл сапары елімізде климаттық өзгерістер, тұрақты даму және табиғи-экономикалық есеп жүйесін енгізуге қатысты тиімді көрсеткіштерді әзірлеу мен іске асыруда қолдау көрсетуге бағытталған.
Жаһандық жылыну жағдайында климаттың өзгеруі мәселелері Қазақстан үшін барынша өзекті болып отыр. 2021 жылы жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. ҚР Президентінің Жарлығымен биыл Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы қайта қаралды, бұл Қазақстанның тұрақты дамуға деген ұмтылысын айқындайды. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – 2060 жылға дейін қаржыландыруға жататын көміртек бейтараптығына қол жеткізу стратегиясының бекітілуі мен «жасыл» жобаларды классификациялау болды. Бұл шаралар экологиялық таза технологиялар мен жобаларға инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді.
Аталған бастама аясында Бюро климат өзгерісі бойынша статистика көрсеткіштерін ұлттық тәжірибеге енгізу бағытында белсенділік танытып отыр. Халықаралық сарапшылардың келуі осы жұмыстың маңызды кезеңі болады, өйткені олар экологиялық статистиканың қазіргі жағдайын және Қазақстанда климаттың өзгеруіне қатысты статистикалық деректерді енгізу мүмкіндіктерін бағалауға көмектеседі. Бұл ынтымақтастық экологиялық жағдайды тиімді бақылау мен басқаруға ықпал ететін өзекті көрсеткіштерді анықтауға мүмкіндік береді.
Тізімге оралу