16.06.2026
HackStat 2026 IT-хакатонының жеңімпаздары анықталды
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросында Статистика қызметкерлері кәсіподағының қолдауымен Ақпараттық-есептеу орталығы ұйымдастырған HackStat 2026 ішкі IT-хакатоны өз мәресіне жетті.
Бір ай бойы Бюро мен Ақпараттық-есептеу орталығының қызметкерлері статистикалық процестерді жетілдіруге арналған цифрлық шешімдер әзірледі. Байқау қорытындысы бойынша үздік жобалар одан әрі іске асыруға ұсынылды.
Хакатон 11 мамырда басталып, орталық аппараттың, аумақтық бөлімшелер мен өңірлік филиалдардың мамандарын біріктірді. Қатысушылар құрамына IT-мамандар, талдаушылар және әдіснамашылар кірген пәнаралық командалар құрды. Мұндай формат технологиялық сараптаманы статистикалық процестер мен пайдаланушылардың қажеттіліктерін терең түсінумен ұштастыруға мүмкіндік берді.
Жобалардың финалдық қорғалуы 12 маусымда өтті. Сарапшылық комиссия ұсынылған шешімдерді статистика саласы үшін практикалық маңыздылығы, техникалық іске асырылу мүмкіндігі, инновациялық сипаты және қолданыстағы IT-инфрақұрылымға енгізу әлеуеті бойынша бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша HackStat 2026 жеңімпаздары анықталды. Статистика қызметкерлері кәсіподағының қолдауымен бөлінген хакатонның жалпы жүлде қоры 900 мың теңгені құрады:
* I орын – 500 000 теңге;
* II орын – 250 000 теңге;
* III орын – 150 000 теңге.
Ақпараттық-есептеу орталығының мәліметінше, хакатон ішкі процестердің тиімділігін арттырып, статистикалық жүйенің цифрлық сервистерін дамытуға серпін беретін практикалық шешімдерді іздеуге арналған маңызды алаңға айналды.
Іс-шараның қорытындысын шығара отырып, Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев ішкі инновацияларды дамыту және қызметкерлердің бастамаларын қолдау статистикалық жүйені жаңғыртудың маңызды бөлігі екенін атап өтті.
«Хакатон тиімді шешімдердің түрлі құзыреттер тоғысқан жерде туындайтынын көрсетті. IT-мамандардың, талдаушылар мен әдіснамашылардың бірлескен жұмысы саланы одан әрі цифрландыру барысында сұранысқа ие болатын жаңа идеялар мен тәсілдерді қалыптастыруға мүмкіндік берді», – деді ол.
HackStat 2026 қорытындысы бойынша жеңімпаз жобалар Ұлттық статистика бюросының бейінді бөлімшелері мен Ақпараттық-есептеу орталығының мамандарымен бірлесіп жетілдіріліп, кейін өндірістік процестерге енгізілетін болады.
Барлық жеңімпаздарды құттықтаймыз және қатысушыларға алғысымызды білдіреміз.
Тізімге оралу