Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросы
ФАО халықаралық сарапшысы Қазақстанның ауыл шаруашылығы санағына дайындық деңгейін жоғары бағалады
03.10.2025
ФАО халықаралық сарапшысы Қазақстанның ауыл шаруашылығы санағына дайындық деңгейін жоғары бағалады
ФАО халықаралық сарапшысы Қазақстанның ауыл шаруашылығы санағына дайындық деңгейін жоғары бағалады
ФАО халықаралық сарапшысы Қазақстанның ауыл шаруашылығы санағына дайындық деңгейін жоғары бағалады

Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) халықаралық сарапшысы Расмия Алиева Қазақстанның Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындығын жоғары бағалады. Бұл туралы ол елге жасаған сапары барысында айтып берді.

«Қазақстандағы санаққа дайындық шынымен де асқан жауапкершілікпен әрі мұқият жүргізілді. Статистика органдары халықаралық оң тәжірибелерді де, жіберілген қателіктерді де зерттеп, олардың қайталанбауын қамтамасыз етуге тырысты. Бұл процеске халықаралық сарапшылар мен әріптестер де белсенді қатысты, олардың ұсыныстары ескерілді. Сондай-ақ халықты және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін алдын ала ақпараттандыру жұмысы оң нәтиже бергенін атап өткен жөн – адамдар санақтың мақсаты, мерзімі және күтілетін нәтижелері туралы біліп, түсіністікпен қарады және шараға белсенді қатыса алды», – деді ол.

Сапар аясында Расмия Алиева Ақмола облысының Аршалы ауданында болып, өңірлік статистика департаментінің және санақ штабының өкілдерімен кездесті, офлайн кезеңнің өткізілу барысымен танысты, үгіт-насихат және ақпараттық материалдарды көрді, сондай-ақ нұсқаушылар мен интервьюерлермен мәлімет жинау барысындағы ұйымдастырушылық және әдістемелік мәселелерді талқылады.

Сонымен қатар сапар барысында ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаевпен жұмыс кездесуі өтті. Тараптар кампанияның аралық қорытындыларын, негізгі сын-қатерлерді және деректердің сапасы мен ашықтығын арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерді талқылады. Сарапшыға sanaq.gov.kz сайтындағы цифрлық сауалнама формалары, 1446 бірыңғай байланыс орталығы, Data Literacy Hub білім беру платформасы және ақпарат жинауды күнделікті бақылау модулі таныстырылды.

«Ауыл шаруашылығы санағы – аграрлық саладағы жағдайды объективті түрде көруге мүмкіндік беретін стратегиялық маңызды құрал. Халықаралық сарапшылардың қолдауы мен қатысуы Қазақстандағы статистикалық процестерге деген сенімнің жоғары деңгейін көрсетеді. Жиналған деректер тиімді аграрлық саясат қалыптастыруға және саланың орнықты дамуына негіз болатынына сенімдіміз», – деді Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев.


Анықтама:
Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағының офлайн кезеңі 2025 жылғы 20 қыркүйекте басталды. Интервьюерлер елдің барлық өңіріндегі елді мекендерде үй-үйді аралап жүр. Жалпы 1,2 миллионға жуық үй шаруашылығын қамту жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы санағы 2025 жылғы 1 тамыздан 20 қазанға дейін өтеді. Қорытынды деректер ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайын талдауға және негізделген басқарушылық шешімдер қабылдауға арқау болады.

Ұлттық статистика бюросы респонденттердің берген ақпараттарының толық құпия сақталатынына кепілдік береді. Барлық деректер жекелеген мәліметтерден ажыратылып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қорғалады.

Сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар күн сайын сағат 9:00-ден 21:00-ге дейін 1446 байланыс орталығына хабарласа алады (қоңырау шалу – тегін).

Тізімге оралу