Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымының (ЭЫДҰ) сарапшылары Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне шолудың екінші кезеңін өткізді. Шолудың бұл кезеңінде статистикалық инфрақұрылымның қазіргі жағдайы, деректердің сапасы және статистиканың негізгі салалары бойынша халықаралық салыстырмалылығы бағаланды.
Шолу жүргізу үшін келген ЭЫДҰ-ның Статистика және деректер дирекциясынан халықаралық сарапшылар командасын жаһандық қатынастар бөлімінің өкілі Жюльен Дюпон басқарып келді. Онымен бірге жаһандық қатынастар бөлімінің статистигі Нора Бохоссян, сауда мен өндірістік статистика бөлімінің өкілі Дэвид Брэкфилд, ұлттық есептер бөлімінің өкілі Брэм Эденс және жаһандық қатынастар бөлімінен Адриан Зербе бар. Сарапшыларға кеңесші қолдауын 2023 жылы БҰҰ ЕЭК аймақтық кеңесшісі ретінде Ұлттық статистика жүйесіне жаһандық бағалау жүргізген Стивен Вейл көрсетті.
Үш күн бойы ЭЫДҰ сарапшылары негізгі тіркеулерді басқару, классификациялар мен статистикалық инфрақұрылымдағы халықаралық стандарттар, халық санағы мен ауыл шаруашылығы, ұлттық есептер жүйесі, әлеуметтік және экономикалық зерттеулер, еңбек, баға және халықаралық сауда статистикасы сияқты маңызды тақырыптарды талқылады. Кездесу барысында ЭЫДҰ-ның статистикалық практика жөніндегі ұсынымдарының орындалуына ерекше назар аударылды және 2025 жылы Қазақстан статистикасына экологиялық-экономикалық есептерді енгізу перспективалары қаралды.
«2023 жылдан бастап Қазақстанда қолданыстағы әдіснамаға шолу және ұлттық статистикалық жүйенің әлеуетін бағалау шаралары басталды. Өткен жылы ЭЫДҰ-мен бірге жаһандық бағалау жүргізіліп, тереңдетілген шолу басталды, бұл жұмыс келесі жылы да жалғасады. Біз мемлекеттік статистика саласындағы реформалар бойынша сарапшылардың оң бағасын алдық, ал жаһандық бағалау барысында берілген ұсыныстар біздің жоспарымызға енгізілді және жүзеге асырылып жатыр», – деді ҚР Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Қазақстан ЭЫДҰ-мен ынтымақтастық және статистикалық практика жөніндегі жоғары стандарттарға ерекше мән береді. 2023 жылы ЭЫДҰ мен БҰҰ ЕЭК-нің сарапшылары мемлекеттік статистиканың құқықтық және институционалдық негізіне бағалау жүргізді.