23.06.2025
ЭЫДҰ Қазақстанға экологиялық-экономикалық есепті дамытуға көмектеседі
Астанада ЭЫДҰ сарапшыларының қатысуымен бес күндік семинар басталды. Іс-шараның негізгі мақсаты экономика мен қоршаған ортаның өзара іс-қимылын мониторингтеу құралдарын дамыту, атап айтқанда – атмосфераға таралатын шығарындылар шотын жетілдіру және Қазақстан үшін энергетикалық ресурстар ағындарының шотын қалыптастыру.
Жұмысқа ЭЫДҰ табиғи-экономикалық шоттар бөлімшесінің басшысы Роберто Астольфи, ЭЫДҰ сарапшысы Сантаро Саката, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік органдарының – энергетика, қаржы, көлік, экология және табиғи ресурстар министрліктерінің, Ұлттық Банктің, «Жасыл Даму» АҚ өкілдері қатысады.
Бірінші күні қатысушылар энергия ағындарының шоты қалай құрылатынын талқылады, елдің энергетикалық балансы мен пайдаланылатын дереккөздерін қарастырды. Сондай-ақ энергетика бойынша ағымдағы статистика, сондай-ақ кәсіпорындар мен үй шаруашылықтарының есеп беру нысандары қаралды. Бұдан өзге кездесу барысында шот жобасын және оны пысықтау жолдарын талқылау күтілуде.
Жоба 2018 жылдан бастап Қазақстан Үкіметі мен ЭЫДҰ арасындағы келісім шеңберінде іске асырылып келеді. 2023 жылдан бастап Қазақстан экологиялық-экономикалық көрсеткіштерді жариялап отыр, ал 2024 жылдың қыркүйегінен бастап орман, минералдық және энергетикалық ресурстар бойынша шоттар ауқымы кеңейтілді.
Ұлттық статистика бюросы Ұлттық шоттар жүйесін одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. 2026 жылдан бастап ресми статистикада «табиғи-экономикалық есеп жүйесі» атты жеке бөлім пайда болады. Бұл экологиялық деректерді мемлекеттік органдарға, бизнеске, зерттеушілерге және қоғамға қолжетімді ете түседі.
«ЭЫДҰ қатысуымен өтіп жатқан шара экологиялық статистиканың сапасын арттырудағы маңызды қадам. Біз климаттың сын-қатерлі кезеңінде салмақты шешімдер қабылдауға көмектесетін деректерді қалыптастыратын боламыз», – деп атап өтті статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Тізімге оралу