12.02.2026
Дүниежүзілік банк сарапшысы: Қазақстанның туризм статистикасына мобильді деректерді енгізу тәжірибесі барлық елді қызықтырады
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросында Дүниежүзілік банктің аға экономисі Метин Небилермен кездесу өтті. Басқосуда бірлескен жобалардың негізгі бағыттары талқыланды. Сарапшы еліміздің баламалы дереккөздді енгізу саласындағы жетістіктерін, сондай-ақ әкімшілік деректерді пайдалануды дамыту әлеуетін жоғары бағалады.
«Қазақстан статистиканы дамыту бойынша өңірде көшбасшы болып табылады және бұл тәжірибе Орталық Азия елдері үшін ерекше құндылыққа ие. Дүниежүзілік банктің статистикалық тиімділік көрсеткіштерінің SPI рейтингіндегі Қазақстан жетістіктері осыны айқын дәлелдейді. Елдеріңіздің мобильді деректерді енгізу тәжірибесі көптеген мемлекеттің қызығушылығын тудырып отыр, өйткені бұл тәжірибе кейін өзге елдер арасында да таралады» - деп атап өтті сарапшы.
Оның айтуынша, мобильді деректерді алдын ала өңдеу ағымдағы жылдың екінші тоқсанының соңына дейін аяқталады.
Қазақстан мобильді деректерді пайдалану бойынша жұмысты үш жылдан бері жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде ұялы байланыс операторларының деректерін пайдалану бойынша қажетті заңнамалық нормалар енгізілді, есептеу әдістемесі пысықталып, ұялы байланыс операторының деректері негізінде пилоттық жоба ұсынылды.
«Ұялы байланыс операторларынан туристердің нақты ағынын, олардың бару бағыттарын, сондай-ақ барған жерінде қанша ұзақ болғанын анықтауға мүмкіндік беретін иесіздендірілген деректер келіп түседі. Қонақ үйлерден алынған мәліметтер барлық туристі қамтымайды, себебі олардың бір бөлігі туыстарының үйіне тоқтап, пәтер жалдауы мүмкін. Болашақта мобильді деректерді халық көші-қонын есепке алу үшін де пайдалану жоспарлануда. Қазіргі таңда тиісті көрсеткіштер тіркеу орны бойынша мәліметтер негізінде қалыптастырылуда», – дейді Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Сонымен қатар, кездесу барысында халықтың өмір сүру деңгейін бағалау бойынша зерттеулер үшін іріктеуді қалыптастыру әдістерін жетілдіру, демографиялық статистика саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ SPI рейтингінде Қазақстанның позициясын одан әрі жақсарту мәселелері талқыланды.
Тізімге оралу