ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының зерттеуі Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымының (ЮНИДО) статистикалық бөлімшесінің платформасында жарияланды.
«Experimental Calculation of the Competitive Industrial Performance (CIP) Index for Kazakhstan’s Regions: Methodology and Comparative Insights» атты жұмыс құжаты ЮНИДО-мен ынтымақтастық аясында дайындалып, Қазақстан өңірлерінің өнеркәсіптік бәсекеге қабілеттілігін бағалауға арналған.
Зерттеуде алғаш рет 2020–2023 жылдар аралығындағы еліміздің 20 өңірі бойынша өнеркәсіптік бәсекеге қабілеттілік индексінің (CIP) эксперименттік есептеулері ұсынылды. Осы мақсатта ЮНИДО-ның халықаралық әдіснамасы өңірлік деңгейге бейімделді. Жұмыс өнеркәсіптік белсенділікті бағалау тәсілдерін салыстыруға және елдегі өндірістің нақты орналасуын қай деректер дәлірек көрсететінін анықтауға мүмкіндік берді.
Зерттеу нәтижелері экспорт статистикасы өңірлердегі өнеркәсіптік белсенділіктің толық көрінісін әрдайым көрсете бермейтінін көрсетті, себебі ол экспорттаушының тіркелген жері бойынша қалыптастырылады. Ал өндірістік алаңдардан тікелей жөнелтілген өнім туралы деректер әр өңірдің Қазақстанның өнеркәсіптік дамуына қосқан үлесін неғұрлым объективті бағалауға мүмкіндік береді.
Құжатта сондай-ақ өңірлер өнеркәсібінің құрылымы, технологиялық қарқындылық деңгейі, соңғы жылдардағы бәсекеге қабілеттілік динамикасы және алынған нәтижелердің визуализациясы қамтылған.
Зерттеудің ЮНИДО халықаралық платформасында жариялануы Ұлттық статистика бюросының талдамалық жұмысының жоғары деңгейін және қазақстандық зерттеулердің өнеркәсіптік статистика мен өңірлік даму саласындағы маңыздылығын растайды.
Құжаттың толық мәтінімен ЮНИДО-ның ресми сайтында танысуға болады: https://stat.unido.org/publications (Working Paper №5 «WP_CIP_Kazakhstan.pdf»)