07.02.2025
Бюрода мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсімі өтті
Ұлттық статистика бюросында алғаш рет мемлекеттік қызметке кірген қызметкерлердің ант қабылдау рәсімі өтті.
Олар өз міндеттерін адал, әділ және қоғамның мүддесіне сай атқаруға уәде берді. Құттықтау сөзінде Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев бұл қадам әр қызметкердің өміріндегі маңызды сәт екенін айтып, олардың жұмысының ел үшін маңыздылығын ерекше атап өтті. Бюро басшысы жаңа қызметшілерге өз міндеттерін адал әрі жауапкершілікпен орындау туралы тілек білдірді.
«Мемлекетке қызмет ету – қарапайым жұмыс емес, толыққанды жауапкершілікті және адалдықты талап ететін миссия. Әрбір әрекетіңіз біздің қоғамымыздың дамуына және елдің болашағына әсер етеді. Өз парызыңызды адал орындап, Қазақстанның өркендеуіне үлес қосыңыздар», – деді Мақсат Тұрлыбаев.
Іс-шара барысында Бюроның алдағы жылдарға арналған стратегиялық басымдықтары, сондай-ақ ел дамуы үшін маңызды деген деректерді жинау мен талдауға бағытталған жаңа статистикалық жобаларды жүзеге асыру жоспарлары таныстырылды.
Ант қабылдаған 7 маман Қазақстанның мемлекеттік қызмет құрамына ресми түрде қосылды.
Тізімге оралу