13.09.2024
Бюрода мемлекеттік басқару академиясының магистранттарына арналған дәріс өтті
Ұлттық статистика бюросында Мемлекеттік басқару академиясының магистранттары үшін реcми статистикалық ақпарат бойынша таныстыру дәрісі өтті. Іс-шара статистиканы терең зерттеуге және оны қоғамдық және экономикалық өмірдің әртүрлі салаларында қолдануға мүдделі мамандардың басын қосты.
Дәрістің мақсаты бюроның соңғы қызметтері мен құралдарын көрсету, ауыл шаруашылығы, жалақы, халықтың кірісі мен шығыстары, жалпы ішкі өнім және инфляция сияқты негізгі салалардағы статистиканың өзекті мәселелерін талқылау болды. Сондай-ақ қатысушылар статистикалық деректерді және оларды ұсынуды жақсарту бойынша өзара пікір алмасты.
«Ағымдағы әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы сенімді ақпарат – тиімді мемлекеттік саясатты жүргізудің негізгі шарты. Ұлттық статистика бюросы статистикалық қызмет тәсілдерін жақсарту үшін үздіксіз жұмыс істеп отыр. Пайдаланушылар қолжетімділігі үшін деректерді жеңіл іздеп-табу қызметін жақсартып келеміз. Атап айтқанда, www.stat.gov.kz интернет-ресурсымыздың құрылымы мен мазмұнын жетілдіріп, ресми статистикалық ақпаратты ұсынудың жаңа форматтарын енгізіп жатырмыз, экономиканың түрлі салаларының негізгі статистикалық көрсеткіштері бойынша интерактивті дашбордтар әзірленуде», - деп атап өтті дәрісті аша отырып ҚР СЖРА ҰСБ деректер сапасын бақылау және коммуникацияларды дамыту департаменті директорының м.а. Гүлнар Шүкалова.
Айта кету керек, биылғы жылы Бюро аккредиттелген пайдаланушыларға иесіздендірілген микродеректерге жан-жақты қол жеткізуге мүмкіндік беретін зерттеуші кабинетін іске қосуды жоспарлап отыр, бұл ақпаратты терең талдауға және зерттеу сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Дәріс барысында қатысушыларға статистика саласындағы ағымдағы және жоспарланған өзгерістер туралы құнды ақпарат берілді, сонымен қатар сындарлы пікірлер мен идеялармен алмасуға мүмкіндік туды. Ұлттық статистика бюросы барлық мүдделі пайдаланушылар үшін статистикалық деректердің дәлірек және қолжетімді ұсынылуын қамтамасыз ету үшін өз қызметтері мен құралдарын жақсарту бойынша жұмысты жалғастыратын болады.
Тізімге оралу