26.06.2026
Бюрода бизнестің қатысуымен деректер экономикасын дамыту мәселелері талқыланды
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросында деректер экономикасын дамыту және Қазақстанда цифрлық деректер нарығын қалыптастыру мәселелеріне арналған кездесу өтті. Кеңеске Бюро басшысының орынбасары Фархат Қалиев төрағалық етті.
Бүгінде деректер цифрлық экономиканың негізгі ресурстарының біріне айналып отыр.Бюро басшысының орынбасары Фархат Қалиевтің айтуынша, жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы жағдайында деректер цифрландыру үдерістерінің нәтижесі ғана емес, сонымен қатар жаңа құн қалыптастыратын, инновацияларды ынталандыратын және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын дербес экономикалық ресурсқа айналуда.
Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінің қабылдануы деректер экономикасын қалыптастырудың құқықтық негізін қалады. Алғаш рет заңнамалық деңгейде деректер мүліктік құқықтардың нысаны ретінде танылып, олардың айналым қағидаттары айқындалды, сондай-ақ деректер нарығын дамыту мен деректер алмасу платформаларының жұмыс істеуіне жағдай жасалды.
Қазіргі уақытта деректер нарығының институционалдық және технологиялық инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, нарыққа қатысушылардың тізілімдерін қалыптастыру, реттеу тетіктерін енгізу және жаңа нормативтік талаптарды іске асыруға дайындық жұмыстары қолға алынған.
Талқылауға Бюроның Ақпараттық-есептеу орталығының басшылығы, сондай-ақ DAMA Kazakhstan – Astana, Astana Data Exchange, Qaz.AI қауымдастығы, MedHub «Health AI Quality», ADATA.kz және «KOMPRA.kz» ЖШС өкілдері қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар деректерді қауіпсіз пайдалануға, олармен алмасуға және жаңа цифрлық сервистерді дамытуда қолдануға мүмкіндік беретін толыққанды экономикалық ресурс ретінде дамыту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар қалыптастырылып жатқан деректер нарығының бизнес қажеттіліктеріне сай болуы мәселесіне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар бизнес сұраныстарын ескере отырып, деректер экономикасын дамыту және цифрлық деректермен алмасу тетіктерін жетілдіру бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.
Тізімге оралу