Ұлттық статистика бюросы бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға, кадр әлеуетін дамытуға және жастар арасында статистикалық сауат мәдениетін ілгерілетуге бағытталған жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнату жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп келеді.
Осы жұмыс аясында Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбаймен кездесу өтті. Басқосу барысында тараптар қолданыстағы ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру, сондай-ақ өзара іс-қимылдың келешек бағыттары сияқты мәселелерді талқылады.
Data Literacy HUB білім беру платформасын дамыту, бюро базасында ЕҰУ студенттерінің оқу және өндірістік практикасын ұйымдастыру, сондай-ақ жастарды мемлекеттік қызметке тарту үшін жаңа мүмкіндіктер енгізу шеңберінде бірлескен жұмыс мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ академиялық табысты түлектерді (GPA 3.33-тен төмен емес) аудандық деңгейдегі бюроның аумақтық бөлімшелерінің төменгі лауазымдарына конкурстан тыс тағайындау тетіктері қарастырылды.
Одан бөлек, осы аптада Бюро қызметкерлері Esil University-дің статистика апталығына қатысты. Бюро сарапшылары университет студенттері мен оқытушыларына экономика, еңбек және жұмыспен қамту, демография, сыртқы сауда және статистика саласын цифрландыру сияқты түрлі салалардағы статистиканың маңыздылығы туралы дәрістер оқыды. Сондай-ақ бюро қызметкерлері академиялық қоғамдастық өкілдерімен өткен ғылыми семинарлар мен дөңгелек үстелдерге қатысты.
Статистика апталығы аясында тараптар университетте Статистика оқу кабинетін құру, студенттерді кәсіби бағдарлау бағдарламаларын іске қосу және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелерін талқылады. Сондай-ақ г.в. Плеханов атындағы Ресей Экономикалық университетімен ынтымақтастық перспективалары қарастырылды. Статистика саласында жас мамандарды даярлауға және білім беру бағдарламаларын дамытуға баса назар аударылды.
Бюроның адами ресурстарын дамыту департаментінің директоры Арсен Жақыпов білікті кадрларды даярлау үшін сапалы білім берудің маңыздылығын атап өтті. Ол Esil University студенттері академиялық нәтижелер жоғары болған жағдайда бюрода тәжірибеден өтуге, сондай-ақ мемлекеттік қызметте жұмысқа орналасуға үміткер бола алатынын атап өтті.