07.02.2025
Бюро жергілікті атқарушы органдарда деректер сапасы бойынша алғашқы тексерулер жүргізді
Жергілікті атқарушы органдардағы деректер сапасы бойынша 2025 жылғы алғашқы тексерулер Алматы облысында жүргізілді. Ауылдық округтерде, атап айтқанда Бөлек, Бәйтерек және Рахат ауылдарында кезеңдік тексерулер жүргізілді, олар шаруашылық есеп деректерінің сапасын анықтауға бағытталған.
Тексеру барысында шаруашылық есеп деректерінде сәйкессіздіктер анықталып, әкімшілік дереккөздер ұсынатын ақпараттың толықтығы мен дұрыстығын жақсарту жөнінде ұсыныстар берілді. Тексерулер нәтижесінде бұзушылықтар мен оларды жою мерзімі көрсетілген қорытынды құжат жасалды.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында кезеңдік тексерулер 11 орталық мемлекеттік орган мен 180 жергілікті атқарушы органда жоспарланған. Осы тектес жұмыстар Алматы облысының тағы 59 елдімекенінде жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, Бюро қызметкерлері әкімшілік дереккөздерге қатысты мемлекеттік бақылау мәселелеріне арналған оқыту семинарын өткізді. Семинар барысында мемлекеттік бақылауды жүргізуге қойылатын негізгі талаптар мен әкімшілік органдармен өзара іс-қимыл тәртібі қарастырылды. Қатысушылар заңнаманың практикалық қолданысына қатысты күрделі мәселелер бойынша түсініктеме алды. Семинарға мемлекеттік деректерді жүргізу және ұсыну үшін жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдан бастап Ұлттық статистика бюросына әкімшілік дереккөздердің сапасын тексеру өкілеттігі берілген. Өткен жылы әкімшілік дереккөздерде 37 тексеру жүргізілді (8 – орталық мемлекеттік органдарда, 29 – жергілікті атқарушы органдарда). Тексеру барысында анықталған негізгі бұзушылықтар деректердің сәйкеспеуі, Ұлттық анықтамалық ақпарат (жіктеуіштердің, анықтамалықтардың) элементтерін, сондай-ақ әкімшілік деректерді жинауға арналған мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органмен келісілмеген нысан қолданылған.
Тізімге оралу