Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросы
Бюро қызметкерлері халықаралық климаттық есептілік құралдары бойынша оқытудан өтті
22.05.2026
Бюро қызметкерлері халықаралық климаттық есептілік құралдары бойынша оқытудан өтті
Бюро қызметкерлері халықаралық климаттық есептілік құралдары бойынша оқытудан өтті
2026 жылғы 18-22 мамыр аралығында Астанада ауыл шаруашылығы және жер пайдалану секторларындағы климаттық шараларды бағалауға арналған NEXT (NDC Expert Tool) құралын қолдану бойынша ФАО-ның практикалық тренингі өтті. Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) қолдауымен және Қазақстанның ұлттық серіктестерімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Тренингке Ұлттық статистика бюросының қызметкерлері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, Ұлттық статистика бюросы, Жасыл Даму АҚ, ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары, сарапшылар қауымдастығы мен үкіметтік емес сектор өкілдері қатысты.

Оқу бағдарламасы Париж келісімінің талаптары мен Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының (IPCC) әдіснамасына сәйкес агроазық-түлік жүйелеріндегі парниктік газдар шығарындыларын азайту шараларын бағалау, мониторингтеу және есептілік жүргізу саласындағы ұлттық әлеуетті нығайтуға бағытталған.

Бүгінде агроазық-түлік жүйелері жаһандық климаттық күн тәртібінде маңызды рөл атқарады. Халықаралық ұйымдардың деректеріне сәйкес ауыл шаруашылығы, жер пайдалану, өнімді өңдеу, тасымалдау және қалдықтарды басқару салалары әлемдік парниктік газдар шығарындыларының шамамен үштен бірін құрайды. Сонымен қатар, бұл сектор шығарындыларды азайту мен экономиканың тұрақтылығын арттыруда зор әлеуетке ие.

NEXT құралы шығарындыларды қысқарту сценарийлерін модельдеуге, климаттық шаралардың әсерін бағалауға және нәтижелерді ұлттық деңгейде айқындалатын салымдарға (NDC), ұзақ мерзімді даму стратегияларына және екіжылдық ашықтық есептеріне (BTR) енгізуге мүмкіндік береді. Қатысушылар CO₂, CH₄ және N₂O шығарындыларын есептеу, топырақ пен биомассадағы көміртек қорының өзгерістерін бағалау, орманды қалпына келтіру және жерді тұрақты басқару тәжірибелері бойынша практикалық дағдыларды меңгерді.

Бағдарлама қорытындысы бойынша Бюро қызметкерлері Қазақстанның ұлттық климаттық міндеттемелерін іске асыруда қолданылатын халықаралық климаттық есептілік құралдарын пайдалану бойынша практикалық дағдыларға ие болды.

Тізімге оралу