БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының сарапшылары ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының қызметкерлері үшін семинар өткізіп, онда GSIM статистикалық ақпарат моделінің қолданылу ерекшеліктерін айтып, таныстырылымын жүргізді.
GSIM халықаралық стандарты статистикалық ақпаратты жүйелеуге және басқаруға мүмкіндік береді. Бұл стандарт көптеген ұлттық статистика кеңселерінде қолданылады және заманауи цифрлық статистика жүйелерінің негізін қалайды.
«GSIM ресми статистика үшін бірыңғай үлгі ретінде біздің тәсілдерімізді үйлестіруге, деректер алмасуды жетілдіруге және халықаралық статистикалық жүйелермен үйлесімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біз статистикалық деректерді өндіру және басқару саласында жұмыс істейтін түрлі департаменттердің мамандарынан құралған топ дайындадық. Халықаралық әріптестеріміздің тәжірибесі мен білімі еліміздің ұлттық статистика жүйесін дамытуға зор үлес қосады», – деді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Бюро ұлттық статистика жүйесін жаңғырту және халықаралық стандарттарды енгізу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. GSIM моделін меңгеру – елдің статистикалық деректерінің сапасы мен ашықтығын арттырудағы маңызды қадам.
«GSIM моделін пайдалану әдістерді, компоненттерді және процестерді қайта қолдану мен алмасу ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл статистикалық ұйымдардың ішінде және олардың арасында ауқымды бірлескен жұмыс жүргізу арқылы тиімділікті арттыруға және шығындарды азайтуға жағдай жасайды», – деп атап өтті БҰҰ ЕЭК өңірлік кеңесшісі Таеки Гьялтема.
Семинар барысында мамандар статистикада қолданылатын ашық бастапқы кодты (Open Source) технологиялармен танысты. Қатысушылар статистикалық ақпаратты тиімді басқару мақсатында бизнес-талдау және деректерді өңдеу бағдарламаларын қолдану мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ ModernStats тұжырымдамасының теориялық негіздерімен танысты.
Анықтама:
GSIM (Generic Statistical Information Model) – статистикалық ақпаратты оның өмірлік циклінің барлық кезеңінде – деректерді жинаудан бастап оларды таратуға дейін басқаруды сипаттайтын халықаралық стандарт.