Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросы
Бюро Қытайдағы халықаралық конференцияда Қазақстанның деректер экономикасын дамыту тәжірибесін таныстырды
30.10.2026
Бюро Қытайдағы халықаралық конференцияда Қазақстанның деректер экономикасын дамыту тәжірибесін таныстырды
Бюро Қытайдағы халықаралық конференцияда Қазақстанның деректер экономикасын дамыту тәжірибесін таныстырды
Бюро Қытайдағы халықаралық конференцияда Қазақстанның деректер экономикасын дамыту тәжірибесін таныстырды
Бюро Қытайдағы халықаралық конференцияда Қазақстанның деректер экономикасын дамыту тәжірибесін таныстырды

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, бизнес өкілдері мен сарапшылар қауымдастығының 1 000-ға тарта өкілі қатысқан Global Data Ecosystem Conference 2026 халықаралық конференциясында Қазақстанның деректер экономикасын дамыту тәжірибесін таныстырды.

Конференцияның ашылуында Бюро басшысының орынбасары Еркебұлан Иембердиев «Қазақстанда деректер экономикасын дамыту: цифрлық трансформациядан деректер нарығын қалыптастыруға дейін» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ іскерлік бағдарлама аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы цифрлық ынтымақтастықты дамытуға арналған құттықтау сөз сөйледі.

Баяндама барысында Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымды дамыту, интернетке қолжетімділікті кеңейту, мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру және қолма-қол ақшасыз төлемдерді тарату бағыттарындағы жетістіктері атап өтілді. Бұл нәтижелер деректер экономикасы мен цифрлық деректер өнімдері нарығын одан әрі дамытуға негіз қалайды.

Бұл үдерісте цифрлық деректер айналымының, цифрлық деректер өнімдері мен алмасу платформаларын реттеудің құқықтық негіздерін, сондай-ақ олардың құнын бағалау тәсілдерін бекітетін Цифрлық кодекстің маңызы зор. Сонымен қатар заңнама талаптарына сәйкес деректердің қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ету, оларды пайдалану және алмасу тетіктеріне деген сенімді қалыптастыру ерекше мәнге ие.

Өз кезегінде деректер нарығын дамыту ресми статистика үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл баламалы дереккөздерге қолжетімділікті кеңейтіп, статистикалық ақпараттың сапасы мен жеделдігін арттыруға жағдай жасайды.

Баяндамада ресми статистикада жаңа дереккөздерді пайдаланудың практикалық тәжірибесі де таныстырылды. Атап айтқанда, туристік ағындар мен көші-қонды талдау үшін мобильді позициялау деректері, ал тұтыну бағаларын мониторингтеу үшін фискалдық чектер қолданылады. Сонымен қатар деректерді электрондық форматта жинау дамып, респонденттерге түсетін есептік жүктеме азайтылуда.

«Деректер маңызды экономикалық ресурсқа айналып келеді. Олар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, цифрлық қызметтерді дамытуға және жаңа өнімдер жасауға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз тек цифрландырумен шектелмейді, сонымен қатар деректердің практикалық және экономикалық құндылыққа ие болуына жағдай жасау», - деп атап өтті Еркебұлан Иембердиев.

Қазақстан мен Қытайдың статистика және деректер экономикасы саласындағы ынтымақтастығы жүйелі түрде дамып келеді. 2024 жылы Қазақстан Ұлттық статистика бюросы мен Қытайдың статистика ведомствосы арасында тәжірибе алмасуды, статистиканы жаңғыртуды және жаңа технологияларды енгізуді көздейтін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

2025 жылы деректер экономикасы саласындағы өзара іс-қимыл Shanghai Data Exchange ұйымымен жалғасты. Тараптар тәжірибе және деректер экономикасын одан әрі дамыту жөніндегі көзқарастарымен бөлісті. Осы жұмыстың нәтижелерінің бірі Қазақстандағы деректер экономикасын дамыту туралы талдамалық құжатты әзірлеу болды.

Shanghai Data Exchange ұйымымен алдағы ынтымақтастық практикалық тәжірибе алмасуға, цифрлық деректер өнімдерімен жұмыс істеу тәсілдерін жетілдіруге, сондай-ақ деректер экономикасы саласындағы бірлескен талдамалық және әдіснамалық құжаттарды әзірлеуге бағытталады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Тізімге оралу