20.08.2026
Бюро статистикалық деректердің сапасын арттыру бойынша семинарлар өткізді
7-20 тамыз аралығында ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының қызметкерлері Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстары бойынша Бюроның аумақтық бөлімшелерінде жұмыс кездесулері мен семинарлар өткізді.
Кездесулердің негізгі мақсаты – әкімшілік деректердің сапасын арттыру, статистика саласындағы мемлекеттік бақылауды жетілдіру, сондай-ақ статистикалық деректерді ұсынушылар мен пайдаланушылармен неғұрлым тиімді жұмысты жолға қою.
Семинарларға жергілікті атқарушы органдардың басшылары, 320 кент, ауыл және ауылдық округ әкімдері, ветеринариялық қызметтердің өкілдері, сондай-ақ Бюроның аумақтық бөлімшелерінің 150-ден астам қызметкері қатысты.
Қатысушыларға әкімшілік деректердің сапасын тексеру және жақсарту, мемлекеттік статистика саласындағы заңнама талаптарын сақтау, сондай-ақ Бюромен тиімді өзара іс-қимыл жасау жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар статистикалық ақпаратты пайдаланушылар үшін барынша қолжетімді әрі ыңғайлы ету мәселелері талқыланды.
Бюро қызметкерлері өңірлік бөлімшелерге мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бойынша практикалық көмек көрсетті. Олар үй шаруашылықтары бойынша есепке алу деректерінің сапасын талдап, оны жақсарту бойынша ұсынымдар берді.
Бұдан бөлек, мамандар аумақтық бөлімшелердің респонденттермен және статистика пайдаланушыларымен жұмысын, оның ішінде өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары мен «бір терезе» қағидатының жұмысын зерделеді.
Кездесулер қорытындысы бойынша статистикалық деректердің сапасын арттыру, бақылау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ респонденттермен және пайдаланушылармен коммуникацияны жақсарту бойынша алдағы қадамдар айқындалды.
Тізімге оралу