12.05.2023
Бюро сарапшылары гендерлік статистика жөніндегі конференцияға қатысты
Осы күндері Женевада БҰҰ ЕЭК статистика бөлімінің ЮНКТАД (БҰҰ сауда және даму жөніндегі конференциясы) және «БҰҰ-әйелдер» құрылымымен бірлесіп ұйымдастырған гендерлік статистика бойынша сарапшылардың кезекті басқосуы өтіп жатыр. Кездесуде саудадағы гендерлік мәселелер бойынша статистикалық деректердің қажеттіліктері, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық көрсеткіштерін өлшеу, еңбекақыдағы гендерлік алшақтық және табыс теңсіздігі, климат пен қоршаған ортаның өзгеруі мәселелеріндегі гендерлік аспектілер қаралды.

Халықаралық ынтымақтастық және тұрақты даму департаментінің директоры Айнұр Досанова Қазақстанның әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық бойынша екінші іріктеме сауалнамасын жүргізу жөніндегі тәжірибесін таныстырды. Сарапшы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы деректерге деген қажеттілікті қамтуға мүмкіндік берген сауалнаманы жоспарлау және әзірлеу үдерісіне статистикалық ақпаратты пайдаланушыларды ерте кезеңде тартудың маңыздылығын атап өтті.
«Когнитивті тестілеу – дайындық кезеңінің бір бөлігі және әрбір респондент үшін сұрақтарды түсінікті етіп әзірлеудің алғы шарттарының бірі. Сұрақтар респонденттер арасында әртүрлі түсіндірулер мен әртүрлі жауаптарды болдырмайтындай етіп тұжырымдалуы керек», – деп атап өтті ол өз баяндамасында.
Бұл сауалнама алғаш рет 2015 жылы жүргізілді, басты мақсаты – 15 пен 75 жас аралығындағы әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың таралуы туралы деректер жинау. Өткен жылы бұл сауалнама қайтара өткізілген болатын. Конференцияда сөз сөйлеген қызметтер мен энергетика статистикасы департаментінің өзара сауда және тауар нарықтары статистикасы басқармасының басшысы Данияр Иманбаев сауда статистикасы саласында жаңа гендерлік көрсеткіштердің енгізілуі туралы айтты.
Сауда статистикасындағы гендерді өлшеу – халықаралық деңгейде жаңа бағыт болып табылады және Қазақстан ЮНКТАД пен БҰҰ ЕЭК пилоттық жобасына қатысқан санаулы елдердің біріне айналды. Осы жоба шеңберінде семинар өткізіліп, онда Бюро қызметкерлері БҰҰ ЕЭК халықаралық сарапшысымен бірлесіп соңғы 5 жылдағы (2017-2021жж.) сауда және саудаға жатпайтын деректерді микробайланыстыруды екі кезеңмен жүзеге асырылды.
«Пилоттық жоба болашақта гендерлік бөліністе экономикалық көрсеткіштерді көбірек алуға мүмкіндік береді», – деді Д.Иманбаев.
Конференция Еуропа мен Орталық Азияның көптеген еліне сауданың ықтимал гендерлік салдарын ескере отырып, саясатты әзірлеу үшін деректер көздерін талқылауға, әртүрлі контекстегі әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу тәжірибесін зерделеуге, сондай-ақ әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы деректерді алуда заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін қарастыруға ықпал етеді.
Тізімге оралу