16.11.2026
Бюро респондент кабинетін жаңартылған нұсқада ұсынды
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы жаңартылған Респондент кабинетін ұсынды. Ол «е-Статистика» ақпараттық жүйесін жаңғырту аясында әзірленіп, статистикалық есептілікті ұсыну үдерісін жеңілдетуге және ыңғайлы етуге бағытталған.
Статистикалық нысандарды толтыру механизмі жаңартылды. Енді ол жылдамырақ ашылып, жүктеледі. Жүйе деректерді толтыру барысында автоматты түрде тексеріп, есепті жібергенге дейін қателерді анықтай алады. Бұл есептілікті дайындауға кететін уақытты қысқартып, келіп түсетін деректердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Кабинеттің интерфейсі де өзгерді: дизайны мен навигациясы жаңартылып, негізгі функциялар бір жерге жинақталды. «Менің есептерім» бөлімінде респонденттер қажетті нысандардың тізімін, оларды тапсыру мерзімдері мен ағымдағы мәртебесін көре алады. «Менің профилім» бөлімінде тіркеу деректері мен экономикалық қызмет түрлері туралы ақпарат, сондай-ақ мәліметтерді өзгертуге сұрау салу мүмкіндігі қолжетімді.
Сонымен қатар статистикалық есептіліктің жаңартылған күнтізбесі мерзімдерді бақылауға және нысандарды толтыруға бірден өтуге көмектеседі.
Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін Кабинетке AI STAT виртуалды ЖИ-көмекшісі де қосылды. Ол статистикалық нысандарды толтыру бойынша түсініктеме алуға, статистикалық ақпарат пен ЭҚЖЖ бойынша мәліметтерді табуға, техникалық және жиі қойылатын сұрақтарға жауап алуға көмектеседі. Сондай-ақ көмекші арқылы байланыс орталығына өтініш жолдауға болады.
Бұдан бөлек, Кабинетте растау құжаттары мен деректерді PDF және Excel форматтарында жүктеу мүмкіндігі қарастырылған. Сервис бірнеше тілді қолдайды және көру қабілеті төмен пайдаланушыларға арналған нұсқасы бар. Пайдаланушылар есептілікпен кез келген өңірден, өздеріне ыңғайлы уақытта жұмыс істей алады.
«Біз Бюромен өзара іс-қимылды респонденттер үшін барынша ыңғайлы етуге ұмтыламыз. Жаңартылған Кабинет статистикалық есептілікпен жұмыс істеуге қажетті құралдарды біріктіріп, негізгі міндеттерді бір жерде шешуге мүмкіндік береді. Біз үшін есеп тапсыру үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, пайдаланушылардың жүйемен жұмыс істеуге жұмсайтын уақытын қысқарту да маңызды. Бұл – мемлекеттік статистика саласындағы қолжетімді әрі заманауи цифрлық қызметтерді дамыту жолындағы кезекті қадам», – деп атап өтті Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Жаңартылған Респондент кабинеті есептілікті ұсыну уақытын қысқартуға, статистикалық нысандармен жұмысты жеңілдетуге және Бюроның электрондық қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.