16.10.2024
Бюро халықаралық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Анкарада Ұлттық статистика бюросы мен Ислам елдері үшін статистикалық, экономикалық және әлеуметтік зерттеулер орталығы (СЕСРИК) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат тараптардың өзара қызығушылық тудыратын салаларда ынтымақтастықты нығайту және дамыту үшін білім мен тәжірибе алмасуды көздейді.
Меморандум екі тараптың ұлттық статистика жүйелерінің әлеуетін нығайтуға деген шынайы ниеттерін атап көрсетеді. Келісім аясында симпозиумдар, семинарлар және шеберлік сыныптарын бірлесіп өткізу жоспарланған, бұл Қазақстанның және Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше басқа мемлекеттердің статистикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
«СЕСРИК-пен өзара серіктестігіміздің беки түскеніне қуаныштымыз. Өзара түсіністік туралы меморандум ұлттық статистика әлеуетін арттыру бағытында өзара тиімді ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Бюро басшысының орынбасары Әсел Шауенова.
Меморандумның шарттарына сәйкес, тараптар өзара тиімді қатынастарды белсенді дамыту және статистиканың әртүрлі салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жұмыстар жүргізеді.
Анықтама: Ислам елдері үшін статистикалық, экономикалық және әлеуметтік зерттеулер мен оқыту орталығы (SESRIC) 1977 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) көмекші органы ретінде құрылып, 1978 жылы Анкарада өз қызметін бастады. SESRIC-тің негізгі функциялары – статистиканы жинау және тарату, талдау жүргізу, бағалау және оқыту.
Тізімге оралу