19.05.2025
Бюро электрондық қалдықтар жөніндегі халықаралық жобаға қатысу мәселесін талқылады
Ұлттық статистика бюросында UNEP, UNITAR халықаралық сарапшылары және Тұрақты даму жөніндегі ынтымақтастық орталығының өкілдерімен кездесу өтті. Онда электрондық және электрлік қалдықтарды басқаруға бағытталған халықаралық жобаға Бюроның қатысуы, сондай-ақ өндіріс статистикасы, сыртқы сауда және қоршаған орта статистикасы шеңберінде электрондық және электрлік жабдықты есепке алу мәселелері бойынша әдістемелік қолдау көрсету, консультациялар өткізу және сарапшыларды тарту бағытындағы болашақ шаралар талқыланды.
Айта кетейік, Қазақстанда 2026-2030 жылдар аралығында «Электроника өмірлік циклі аясында ресурстарды тиімді пайдалану мен циркуляциясын ілгерілету» атты жоба қолға алынған. Аталған бастама БҰҰ-ның өнеркәсіпті дамыту жөніндегі ұйымы (ЮНИДО) бастамасымен жаһандық Электрондық басқару бағдарламасы (GEM) аясында жүзеге асырылады. Жобаны ЮНЕП пен Қазақстандағы Тұрақты даму жөніндегі ынтымақтастық орталығы (CSD Centre) іске асырады, ал халықаралық сараптамалық қолдауды UNITAR/SCYCLE қамтамасыз етеді.
Бұл жоба деректерді жинау мен есепке алу жүйесін жетілдіру үшін үлкен практикалық маңызға ие. Ол халықаралық тәжірибені ескере отырып, қолданыстағы тәсілдерді жаңартуға мүмкіндік береді және статистиканың циркулярлы экономикаға көшу жолындағы негізгі құрал ретіндегі рөлін күшейтуге ықпал етеді.
Осыған байланысты, Ұлттық статистика бюросының алдына электрондық қалдықтар статистикасын есепке алуға қажет көрсеткіштерді есептеу барысында өз әлеуетін пайдалану және үздік халықаралық тәжірибелерді қолдану міндеті қойылып отыр.
Тізімге оралу