27.11.2024
Бюро еңбек нарығындағы құрылымдық ағындарды талдаудың жаңа құралын іске қосты
Ұлттық статистика бюросы stat.gov.kz сайтының эксперименталды статистика бөлімінде «Еңбек нарығындағы құрылымдық ағындарды талдау» атты жаңа дашбордты ұсынады. Құрылымдық ағындардың көрсеткіштері – жұмыс орнын немесе тұрғылықты жерін ауыстырған жұмысшылардың қозғалысын сипаттайтын эксперименталды көрсеткіштердің жиынтығы.
Аталған интерактивті құралды пайдалана отырып, міндетті зейнетақы жарналары туралы деректер негізінде қызметкерлердің құрылымдық ағынын бақылауға болады. Интерактивті тақта 2019-2024 жылдар аралығындағы (2024 жылдың 1-2 тоқсаны) деректерді қамтиды, онда аймақтар мен салалар арасындағы еңбек миграциясын – ресурстардың қай саладан не аймақтан, қайда көп ауысатынын көруге болады.
«Мұндай дашбордтарды әзірлеу арқылы біз пайдаланушыларымыз үшін талдау жасау мүмкіндіктерін кеңейтеміз. Бұған дейін біз бәсекелестік жағдайының аналитикалық картасын, фискалдық деректер негізінде баға мониторингін және тауаша нарықтарына шолу ұсынған болатынбыз. Бұл құралдар деректердің аналитикалық әлеуетін арттыруға және солардың негізінде тиімді шешімдер қабылдауға көмектеседі», – дейді Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Интерактивті дашборд жергілікті атқарушы органдардың, даму институттарының, бюджеттік әкімшілердің аумақтық және салалық даму бағдарламаларын әзірлеу, түзету немесе бақылау үшін пайдалы болуы мүмкін.
Дашборд эксперименталды статистика бөлігі екенін және статистикалық ақпараттың ресми көзі болып саналмайтынын ескеру қажет.
Интерактивті құрал мамандардан кері байланыс алу және Бюроның аналитикалық әдістерін одан әрі жетілдіру мақсатында жарияланып отыр.
Тізімге оралу