31.12.2024
Бюро дискретті әдіспен есептелген тоқсандық ЖІӨ көрсеткішін жариялады
Ұлттық статистика бюросы жаңа дискретті әдісті ескере отырып, өндіріс, кіріс және түпкілікті пайдалану әдістерімен есептелген тоқсандық ЖІӨ-нің эксперименттік есептеулерін жариялады.
Жаңа тәсілді енгізу бюроның Халықаралық валюта қоры (ХВҚ), Дүниежүзілік банк және Азия даму банкі сияқты халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығының арқасында мүмкін болды. Соңғы екі жылда ХВҚ-ның «Тоқсандық ұлттық шоттарды құрастыру» компоненті бойынша техникалық көмегі аясында Бюро 2010-2024 жылдарға арналған тоқсандық ұлттық шоттарды құру бойынша белсенді жұмыс жасады, бұл экономикалық процестерді неғұрлым толыққанды бағалауға негіз болды.
«Бюро тоқсандық ЖІӨ-ні есептеудің жаңа әдісін енгізу үшін екі жыл жұмыс істеді. Бұл статистикалық деректер сапасын жақсартудағы маңызды қадам. Жаңа әдіс ел экономикасындағы өзгерістерді дәлірек және жедел бақылауға, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Жаңашылдық ұлттық статистикаға деген сенімділікті арттыруға ықпал ететініне және Қазақстандағы экономикалық процестерді неғұрлым толық түсінуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз», – деп атап өтті Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Тоқсандық ұлттық шоттарды енгізудің негізгі мақсаты – жылдық ұлттық шоттармен салыстырғанда экономикадағы өзгерістер туралы неғұрлым жедел деректерді және жекелеген қысқа мерзімді көрсеткіштермен салыстырғандағы неғұрлым толыққанды деректерді ұсыну. Тоқсандық деректермен жұмыс істеу барысында тоқсандық деректерді жылдық деректермен байланыстыратын әрі дәлдігін арттыратын "бенчмаркинг" әдісі қолданылғанын атап өту маңызды.
Бұл процесті жүзеге асыру үшін ХВҚ әзірлеген арнайы XLPBM бағдарлама қолданылады, ол тоқсандық деректерді пропорционалды түзету әдістерін қолдана отырып жылдық мәліметтермен біріктіруге мүмкіндік береді, бұл мерзім қатарларының дәйектілігі мен есептеу дәлдігін жақсартады.
Ұлттық шоттар жүйесінің халықаралық стандарттың ұсынымдарымен толық сәйкестігін қамтамасыз ету үшін 2010 жылдан 2023 жылға дейінгі жылдық ұлттық шоттар қайта есептелді. Ауыл шаруашылығы, көлік, мемлекеттік басқарудағы жалпы өнім көрсеткіштерін қайта есептеуді қоса алғанда, бірқатар әдіснамалық тәсіл жаңартылды, сондай-ақ Ұлттық Банктің төлем балансының жаңа деректеріне байланысты сыртқы сауда көрсеткіштері қайта қаралды. Бұл деректерді халықаралық стандарттарға, соның ішінде ҰШЖ-2008 ұсынымдарына сәйкестендіруге және негізгі экономикалық көрсеткіштерді есепке алу әдістемесі негізінде жақсартуға мүмкіндік берді.
Атап айтқанда, келесі деректер қайта қаралды:
• Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы: мал және өсімдік шаруашылығы туралы мәліметтер жаңартылды.
• Көлік және қойма: «Бейнеу-Шымкент газ құбыры» компаниясының есептілігін түзетуге байланысты көрсеткіштер қайта қаралды.
• Мемлекеттік басқару: жаңа жіктеу алгоритміне сәйкес барлық салалар бойынша көрсеткіштер қайта қаралды.
• Жеке кәсіпкерлер қаржылық емес сектордан үй шаруашылығы секторына жіктелді.
• Бақыланбайтын экономиканың көрсеткіштері Еуростаттың кестелік тәсіліне негізделген бақыланбайтын экономиканы бағалаудың ағымдағы әдістемесіне сәйкес қайта есептелді.
• «Қаржылық және сақтандыру қызметі» сақтандыру қызметтері мен зейнетақы қорларын есепке алу әдістемелерін ескере отырып қайта қаралды.
• Сыртқы сауда көрсеткіштері: Ұлттық Банктің төлем балансының деректерін жаңартуына байланысты қайта қаралды.
• Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер ретінде материалдық емес активтердің жаңа түрлері, қару-жарақ жүйелерін, құндылықтарды есепке алу, Салықтар мен өндіріске субсидиялар, жанама түрде өлшенетін қаржылық делдалдық қызметтері, сондай-ақ үй шаруашылықтарына қызмет көрсететін коммерциялық емес ұйымдарды біржолғы тексеруден алынған мәліметтер енгізілген.
Жетісу, Абай және Ұлытау жаңа облыстарының экономикасы мен білім беру құрылымындағы өзгерістерді ескергендегі дискретті әдіспен есептелген тоқсандық ЖӨӨ-ні эксперименттік бағалау 2025 жылдың 1-тоқсанында жарияланады.
Анықтама: XLPBM – бұл Microsoft Excel бағдарламасының қосымша ресурсы, ол тоқсандық қатарларды пропорционалды Denton әдісі мен пропорционалды Cholette-Dagum әдісін қолдана отырып, жылдық жолдармен байланыстыруға арналған. Ол сонымен қатар Дентон әдісінің кеңейтілген шешімін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Тізімге оралу