Ұлттық статистика бюросы
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі
Бюро басшысы Жандос Шаймарданов Data Literacy Hub білім беру платформасын таныстырды
18.05.2023
Бюро басшысы Жандос Шаймарданов Data Literacy Hub білім беру платформасын таныстырды
Бюро басшысы Жандос Шаймарданов Data Literacy Hub білім беру платформасын таныстырды
Осы күндері Алматыда Ұлыбританияның Сыртқы істер, Достастық істері және халықаралық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік банктің ұйымдастыруымен «Экономикалық даму үшін тиімді басқару» өңірлік конференциясы өтіп жатыр.
Конференция барысында Бюро басшысы Жандос Шаймарданов Data Literacy Hub білім беру платформасын таныстырып, статистика мен деректерді талдау саласындағы білімді жетілдіруге көмектесетін жобаның маңыздылығын атап өтті.
«Бұл курстарды Ұлттық статистика бюросы халықаралық ұйымдардың қолдауымен әзірледі. Бұл платформа статистикадағы сауатты арттыруға және Қазақстан үшін бейімделген кейстер арқылы деректер негізінде шешім қабылдау мәдениетін ілгерілетуге бағытталған. Бағдарлама халық пен мемлекеттік органдар тарапынан деректерге сұранысты арттыруға мүмкіндік береді, бұл қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға да әсер етеді. Бағдарлама бастауыш білім деңгейінен бастап дата-талдаушылар мен дата-сайентистер сияқты ең жоғары деңгейге дейінгі әр түрлі білім сатыларын қамтып, қатысушылардың қажеттіліктерін ескеріп жасалған», – деді Бюро басшысы Жандос Шаймарданов.
Бүгінгі таңда «Data literacy» курсының базалық деңгейі жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшілерге арналған ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бағдарламасына енгізілген. Жалпы алғанда, кез келген адам dataliteracyhub.org платформасына кіріп, онда тіркеле отырып, курс деңгейлерін рет-ретімен өте алады.
«Курстың базалық деңгейі тәжірибесі жоқ пайдаланушыларға арналған, мұнда олар деректермен және статистикамен жұмыс істеу негіздерін үйрене алады. Келесі сарапшылық деңгей статистикалық көрсеткіштердің әдіснамасын және деректер экожүйесін сипаттауға арналған. Бізде бюро қызметкерлері анағұрлым жетілдірілген деңгей бойынша визуалды және болжамды аналитиканы оқып жатыр. Конференцияға қатысушылардың ортақ мақсаты – барлық азаматтар мен саяси шешім қабылдаушыларды қолжетімді сенімді деректермен қамтамасыз ету. Аталған платформа өңірлік деңгейдегі ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтеді деп сенеміз», – деді Ж.Шаймарданов.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Дүниежүзілік банктің Орталық Азия елдерінде (Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан) іске асыратын «Орталық Азиядағы экономикалық даму үшін тиімді басқару» – EGED бағдарламасына қосылды. Бағдарламаның негізгі мақсаты Орталық Азия елдеріндегі экономикалық саясаттың тиімділігін, есептілігін және ашықтығын арттыру.

Тізімге оралу

Онлайн кеңесші