Ұлттық статистика бюросы
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі
Бюро ауыл шаруашылығы санағының сауалнама сұрақтарын салалық қауымдастықтармен талқылады
14.02.2024
Бюро ауыл шаруашылығы санағының сауалнама сұрақтарын салалық қауымдастықтармен талқылады
Ұлттық статистика бюросында ауыл шаруашылығы саласындағы салалық қауымдастықтардың басшыларымен, «Атамекен» ҰКП және ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің қатысуымен фокус-топтың отырысы өтті, онда ауыл шаруашылығы санағының сауалнама сұрақтары талқыланды. 

Үкімет Қаулысына сәйкес кезекті ауыл шаруашылығы санағы 2025 жылы өтеді. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру мақсатында санақ жүргізу бойынша арнайы комиссия құрылды. Бүгінгі таңда Бюро мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп дайындық іс-шараларына кірісті. 

Бюро мамандары БҰҰ ФАО ұсынымдарына сүйене отырып, инфрақұрылым, еңбек ресурстары, мал басы, егіс алқаптары және техникалық жарақтандыру бойынша сұрақтарды қамтитын сауалнамаларды әзірледі. 

Сауалнама парақтарының жобасы фокус-топтың назарына сала сарапшыларынан кері байланыс алу және ауыл шаруашылығы секторы қызметінің маңызды аспектілерін барынша қамту үшін ұсынылды. Кездесу қатысушыларының бөліскен ескертулері мен ұсыныстары ауыл шаруашылығы санағының сауалнамаларын қалыптастыру барысында ескерілетін болады. Ауыл шаруашылығы санағы аграрлық саланы дамыту стратегиясын қалыптастыруда, агроөнеркәсіптік кешеннің қажеттіліктерін анықтауда, ағымдағы статистика мен әкімшілік дереккөздердің дұрыстығын бағалауда шешуші рөл атқарады. 

Санақ ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын, шаруа және фермер қожалықтарын, ЖК, бау-бақша және саяжай кооперативтерін, ауылдық және қалалық жерлерде жеке қосалқы шаруашылық жүргізетіндерді қамтитын болады. 

Естеріңізге сала кетейік, алғашқы ауыл шаруашылығы санағы 2006-2007 жылдары жүргізілген болатын.



Тізімге оралу

Онлайн кеңесші