Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросы
БҰҰ мен ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанның статистикалық жүйесінің жаһандық бағалауын жүргізеді
10.03.2023
БҰҰ мен ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанның статистикалық жүйесінің жаһандық бағалауын жүргізеді


  БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының (ЕЭК), Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ), Еуропалық Одақтың статистикалық бюросының (Еуростат) және Еуропалық еркін сауда қауымдастығының (EFTA) сарапшылары Қазақстанның Ұлттық статистикалық жүйесіне жаһандық бағалау жүргізуге кірісті.

Бағалаудың мақсаты – ұлттық статистика органының және басқа да мемлекеттік органдардың ресми статистикалық мәліметтерді өндіру жөніндегі институционалдық, құқықтық және әдістемелік негіздеріне кешенді талдау жүргізу, сондай-ақ елдің статистикалық әлеуетін арттырудағы қажеттілігін анықтау.

Бір апта ішінде сарапшылар Ұлттық статистика бюросының басшылығымен және мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен, сондай-ақ статистикалық ақпаратты пайдаланушылардың әртүрлі топтарымен (ЖОО, ғылыми-зерттеу және халықаралық ұйымдар) бірқатар кездесу өткізді.

Сарапшылар ұлттық статистикалық жүйесінің институционалдық негіздерін, ұйымдық құрылымын, оның ішінде статистика деректерін жинау әдістемесі, сапасы, өндіру және тарату мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар мемлекеттік статистиканы дамытудың өзекті мәселелері талқыланды: деректерді жинауда электрондық технологияларды пайдалану, деректер сапасын жақсарту және шешім қабылдау үшін деректерді неғұрлым тиімді пайдалану мақсатында Әкімшілік дереккөздерді бюроның бірыңғай базасына біріктіру.

Сонымен қатар, сарапшылар БАҚ өкілдерімен кездесіп, кездесу барысында БАҚ-пен және жалпы қоғаммен тиімді өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

«Мұндай бағалау 5 жылда бір рет жүргізіледі. Бюро БҰҰ ЕЭК-ке сұрау жіберіп, биылғы жылы жаһандық бағалаудың келесі раундтың өткізілуін растайтын жауап алды. Бірнеше күн бойы халықаралық сарапшылар БҰҰ-ның жалпы қабылданған халықаралық стандарттарына және статистика саласындағы еуропалық кодекске сәйкес Қазақстандағы статистиканың ағымдағы жай-күйін бағалау үшін қажетті ақпарат пен материалдарды жинау бойынша тиісті жұмыс жүргізді. Жүргізілген бағалау нәтижелері бойынша сарапшылар тобы ұлттық статистика жүйесінің барлық негізгі компоненттері бойынша практикалық ұсыныстар мен қорытынды есеп береді», – деп ата өтті ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов.

Еске салайық, Қазақстан 3 жаһандық бағалауға қатысты, соның негізінде алынған ұсынымдар ұлттық статистика жүйесінің дамуына оң әсерін берді.

 

 



 


Тізімге оралу