Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросы
Қазақстандағы қолда бар күнбағыс тұқымы туралы ақпарат
08.08.2024
Қазақстандағы қолда бар күнбағыс тұқымы туралы ақпарат
Қазақстандағы қолда бар күнбағыс тұқымы туралы ақпарат

2024 жылғы 2-тоқсандағы қолда бар майлы дақылдар жөніндегі тоқсандық зерттеу деректеріне сәйкес, Бюро 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша елімізде азық-түлік бағытындағы күнбағыстың 419,9 мың тонна көлемі барын (шаруашылық жүргізуші 404 субъектіде) жариялады.

Жалпы көлемнің 165,7 мың тоннасы 24 май зауытында тіркелген. Бұл ретте көрсетілген көлемнің 98,2% тек 11 май зауытына тиесілі.

131,4 мың тонна күнбағыс өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндірушілерде (257 респондент), 55,9 мың тонна – «жинау және сақтау» қызметімен аталған субъектілерде (28 респондент) шоғырланған.

Статистикалық байқау майлы дақылдарды өсірумен, сақтаумен, қайта өңдеумен және саудамен айналысатын нарықтың барлық қатысушысын (ұсақтарын қоса алғанда) қамтиды. Мәселен, 331 респондентте, оның ішінде дара кәсіпкерлік пен фермерлік шаруа қожалықтарында 1000 тоннаға дейін күнбағыс көлемі бар, тағы 195 субъектте – 200 тоннаға дейін.

Майлы дақыл өңдеушілерінің ұлттық қауымдастығы нарықта күнбағыстың сатылымға қойылып жатқан өнімнің жоқтығын алға тартады, алайда бұл оның жалпы жоқтығын білдірмейді. Өндірушілер тауар қорын нарықта тиімді ұсыныс болғанға дейін сақтап отыруы мүмкін, бұл нарықтағы әдеткі тәжірибе.

Статистикалық бизнес-тіркелімге сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда «Май мен май өндірісі» қызметінің негізгі түрі бойынша 80 заңды тұлға және 46 жеке кәсіпкер тіркелген. Жоғарыда айтылғандай, статистикалық байқау майлы дақылдар нарығының барлық қатысушысын қамтиды. Ал аталған қауымдастықта тек ірі ойыншылар бойынша мәлімет бар. Дей тұра, қауымдастық май зауыттарында бар күнбағыс тұқымының 165 мың тоннасы жөніндегі бюроның мәліметтерін растап отыр.

Ұсынылатын деректердің дұрыстығына Ұлттық статистика бюросына есеп беретін респонденттердің өздері жауапты. Бұрмалау анықталған кезде бюро респонденттерден қосымша ақпаратты, құжаттарды және растайтын хаттарды талап етуге құқылы. Деректер сапасы басқа көздерден алынған мәліметтермен кросс-тексерулер жүргізу арқылы да қамтамасыз етіледі. Алайда, қауымдастық айтқандай, бюроның респондентте тұқымның барын барып тексеруге өкілеті мен міндеттемесі жоқ.

Десе де Бюро өз қызметінде ашықтық қағидатын сақтайды. Бұған дейін 2023 жылы қауымдастықтың ескертулеріне жауап ретінде 500 респонденттен қосымша мәліметтер сұратылып, оның ішінде 434,2 мың тонна күнбағыс көлемі бар 499 респондент деректердің дұрыстығын басшы қолы мен мөр қойылған хат арқылы растаған.

Қауымдастықтың тұқым өндірушілердің тізімін алуға деген ұмтылысы мемлекеттік статистика туралы заңға қайшы келеді, оған сәйкес Бюро бастапқы деректердің құпиялылығын сақтауға міндетті және оларды таратуға құқығы жоқ. Бұл ретте респонденттер тарапынан бастапқы деректерді бұрмалауға негіз бен қызығушылығы жоқ деп есептейміз, ал бюроға жасалған шабуылдар үшінші тұлға мүдделерінің лоббиымен байланысты болуы мүмкін.

Тізімге оралу