Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросы
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бірқатары арзандады
14.08.2026
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бірқатары арзандады

2026 жылғы 12 тамыздағы жағдай бойынша, есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеді. 

Апта ішінде картоптың бағасы (-4,2%), ақ қауданды қырыққабат (-1,2%), алма (-1,1%), пияз бен сәбіз (-1%) арзандады. Сондай-ақ қатты және жартылай қатты ірімшіктің бағасы (-0,3%), майлылығы 5-9% сүзбе және тұз (-0,2%), бірінші сұрыпты бидай ұны мен қаймақ (-0,1%) төмендеді.
Бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай наны, рожки, сүйекті сиыр еті, сүйексіз сиыр еті, жылқы еті, майлылығы 2,2%-дан 6%-ға дейінгі пастерленген, ультрапастерленген және стерильденген сүт, жұмыртқа және сары майдың бағасы есепті аптада өзгеріссіз қалды. 

Өңірлік бөліністе еліміздің бірқатар қаласында дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы бір апта ішінде Талдықорғанда (-0,7%), Ақтау мен Жезқазғанда (әрқайсысы -0,4%), Петропавлда (-0,3%), Астанада (-0,2%), Қарағанды, Қостанай, Орал, Өскемен және Павлодар қалаларында (-0,1%) төмендеді. Алматы, Түркістан, Ақтөбе, Семей және Тараз қалаларында баға алдыңғы апта деңгейінде сақталды. 

Республика бойынша картоптың орташа бағасы килограмына 259 теңгені құрады, ал ең төмен баға Павлодарда тіркелдікилограмына 191 теңге.

Ақ қауданды қырыққабаттың республика бойынша орташа бағасы килограмына 189 теңге болды. Ең төмен бағалар Түркістанда – 142 теңге, Таразда – 152 теңге деңгейінде тіркелді. 

Алманың орташа бағасы килограмына 797 теңгені құрады. Ең төмен баға Шымкентте тіркелді – 639 теңге. 

Ет өнімдерінің ішінде республика бойынша сүйекті сиыр етінің орташа бағасы килограмына 3 779 теңгені, тауық етінің бағасы 1 736 теңгені құрады.
 
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары индексінің көрсеткіші апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының динамикадағы өзгерістерін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының сайтынан және «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінен көруге болады.

*Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы №362-НҚ бұйрығымен бекітілген және 31 атаудағы азық-түлік өнімдерін қамтиды.

Тізімге оралу