24.12.2024
Қазақстан МИКС халықаралық зерттеуіне қатысуда жоғары нәтиже көрсетті
Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы 2 қыркүйектен 29 қарашаға дейін еліміздің барлық өңірінде жүргізілген халықаралық мультииндикаторлық кластерлік зерттеудің (МИКС) алдын ала нәтижелерін ұсынады. Сауалнама 24 000 үй шаруашылығын қамтыды.
Сауалнама қорытындысы бойынша зерттеуге қатысқан үй шаруашылықтарының үлесі 96,4% құрады. Жүргізілген сауалнама сұрақтарына жауап берген респонденттер арасындағы үлес келесідей: әйелдер арасында 93,9%, 5 жасқа дейінгі балалар арасында 94,8%, 5 пен 17 жас аралығындағы балалар арасында 94,9% және ерлер арасында – 90,1%.
МИКС зерттеуінің негізгі мақсаты әйелдер мен балалардың денсаулығы мен әл-ауқатының жай-күйін бағалау, сондай-ақ олардың дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша сенімді ақпарат жинау. Бұл деректер осы топ өкілдерінің әл-ауқатын бағалау және олардың өмірін жақсарту үшін тиісті шаралар қабылдау барысында пайдаланылады.
МИКС зерттеуі Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорының (ЮНИСЕФ) техникалық және қаржылық қолдауымен, БҰҰ-ның халықты қоныстандыру қорының (ЮНФПА) және Азия даму банкінің қаржылық қолдауымен жүргізілді.
Бюро Денсаулық сақтау мекемелеріне, жергілікті атқарушы органдарға және полиция органдарына зерттеу жүргізу барысында көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіреді. Зерттеу нәтижелері туралы қорытынды есеп бюроның www.stat.gov.kz ресми интернет-ресурсында 2025 жылдың маусымында жарияланатын болады.
Тізімге оралу