ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросында Қытай Ұлттық статистика бюросының делегациясымен кездесу өтті. Кездесу барысында қазақстандық тарап статистикалық есептілікті онлайн жинаудан бастап деректерді өңдеу мен көрнекі ұсынуға дейінгі жұмыс процесінде қолданылатын цифрлық жүйелерді таныстырды.
Қытай делегациясын Қытай Ұлттық статистика бюросының Деректерді басқару орталығы бас директорының орынбасары Сюнь Се басқарды. Делегация құрамында бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу және басқару бөлімінің директоры Мэн Сяньнин мен халық санағы бөлімінің директоры Чжан Цзинь болды.
Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев тәжірибе алмасу екі тарапқа да статистикалық процестерді жетілдіруге және деректермен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін зерделеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Цифрландыру статистикалық жұмыстың барлық кезеңін, ақпарат жинаудан бастап қорытынды деректерді дайындауға дейін қамтиды. Біз цифрлық инфрақұрылымды дамытып, жаңа ақпараттық жүйелерді енгізіп, жұмыс процестерін жетілдіріп келеміз. Қытайлық әріптестермен тәжірибе алмасу жаңа тәсілдерді зерделеуге және ресми статистиканы одан әрі дамытуға қажетті шешімдерді табуға мүмкіндік береді», - деді Мақсат Тұрлыбаев.
Кездесу барысында Бюро мамандары ведомствоның цифрлық трансформациясы мен цифрлық инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.
Қытай делегациясы өз кезегінде статистика саласында цифрлық технологияларды қолдану тәжірибесімен бөлісіп, ақпараттық жүйелерді дамыту және жұмыс процестерін жетілдіру тәсілдері туралы айтты.
Қазақстан мен Қытайдың статистика саласындағы ынтымақтастығы 2024 жылғы шілдеде қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум негізінде дамып келеді. Бұған дейін екі елдің мамандары статистикалық есептілікті онлайн жинау және үй шаруашылықтарын зерттеу бағыттарында тәжірибе алмасқан. Кезекті кездесу бірлескен жұмыстың жалғасы болып, цифрлық дамудың жаңа бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ресми статистика саласындағы тәжірибе алмасуды жалғастыруға және кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін білдірді.