21.07.2025
Қазақстан мен Тәжікстан статистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда
Ұлттық статистика бюросына төрт күндік жұмыс сапарымен Тәжікстан Республикасынан арнайы делегация келді. Оның құрамына Тәжікстан Президенті жанындағы Статистика агенттігінің, Президенттің Атқарушы аппаратының, Қаржы министрлігінің және Статистикалық зерттеулер орталығының өкілдері кірді.
Алдағы күндері тәжікстандық әріптестер Қазақстанның мемлекеттік статистиканы дамыту және ұлттық деректер жүйесін құру тәжірибесімен танысады. Сапардың негізгі тақырыптары - ұлттық шоттар жүйесін ұйымдастыру, статистикалық тіркелімдерді жүргізу және өзектендіру, әкімшілік деректерді пайдалану, сондай-ақ статистикалық қызметке цифрлық шешімдерді енгізу.
"Біз қашанда әріптестік құруға және мемлекеттік статистика мен ұлттық деректер экожүйесін дамыту тұжырымдамасын іске асыру барысында жинақталған жұмысымыздың нәтижелерімен бөлісуге дайынбыз. 2022 жылдан бастап біз статистикалық жүйені цифрлық жаңғырту бағытында жұмыс істеп келеміз, әкімшілік дереккөздердің сапасын бағалау бойынша жаңа өкілеттіктерге ие болдық және қазір баламалы дереккөздерге көшіп жатырмыз" - деп атап өтті Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Бюро сапар екі тарап үшін де пайдалы болады және Қазақстан мен Тәжікстанның статистикалық ведомстволары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді деп үміттенеді.
Тізімге оралу