ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы мен Сеул ұлттық университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат демография, статистика, қоғамдық денсаулық сақтау және ғылыми зерттеулер салаларындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізі болады.
Меморандумға Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев және Сеул ұлттық университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің деканы, профессор Ёнтэ Чо қол қойды.
Кездесуді аша отырып, Мақсат Тұрлыбаев Корея Республикасындағы жетекші университеттердің бірімен орнатылған серіктестік тараптардың сараптамалық әлеуетін біріктіруге, ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге және халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Қазіргі демографиялық үдерістер сапалы деректер мен ғылыми талдауға негізделген шешімдерді талап етеді. Қол қойылған меморандум бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және демографиялық зерттеулерді дамытуға берік негіз болады деп сенемін», - деді ол.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі Ұлттық статистика бюросының Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығының жұмысын дамыту болады. Бірлескен зерттеулер демографиялық талдау мен болжау әдістерін жетілдіруге, ғылыми сараптаманы дамытуға және үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуге бағытталады.
Қол қою рәсімінен кейін профессор Ёнтэ Чо «Population Projections as a Tool for Building the Future» («Халық санын болжау – болашақты қалыптастыру құралы») тақырыбында ашық дәріс оқыды. Презентация барысында демографиялық болжаудың заманауи тәсілдері, оларды мемлекеттік басқаруда практикалық қолдану жолдары, сондай-ақ ұзақ мерзімді әлеуметтік саясатты әзірлеу кезінде статистикалық деректерді пайдаланудың халықаралық тәжірибесі қарастырылды.
Меморандумды іске асыру Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, ұзақ мерзімді мемлекеттік шешімдер қабылдауға қажетті зерттеулердің дамуына ықпал етеді.